Шерзаттың әкесі «делайте» деп айтқан куәгердің кім екенін көрсетті


Бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысында Қаржаубай Нұрымов мен өткен аптада сот отырсында куәлік еткен Санат Әбдіқадырдың алдын ала тергеу барысындағы беттестіру видеосы көрсетілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Алматы облысының полиция департаментінің ғимаратында түсірілген бейнежазбада Қаржаубай Нұрымов оқиға болған күн туралы айтып берді.
Төбелес басталмастан бұрын дүкенге «Hyundai Accent» автокөлігі мен «Mercedes benz» автокөлігі келді. Бұл жігіт «Hyundai Accent» автокөлігінен түсті. Үш жігіт болды. Олар «Mercedes benz» автокөлігінен түскен жігіттердің бәрімен амандасты. Сосын Нұрқанатпен амандасып, екеуі сөйлесті. Олар бір-бірін бір жерде көргендерін айтты. Мен ол кезде дүкеннің алдында тұрдым. Ол жерде тұрғаным видеода көрініп тұр. Сол кезде осы жігіттің аузынан «мен төбелеспеймін ғой» деген сөз шықты. «Қай жылғысың?» дегенде «шалмын ғой, мен үшін жастар төбелеседі» деген әңгімені Нұрқанатқа айтты. Сол кезде мен Нұрқанаттан «бәрі дұрыс па?» деп сұрадым. Ол маған бәрі дұрыс деді. Сол кезде бұл жігіт қасындағы жігіттерге «делайте» деп айтты. Сосын мен ақырын дүкенге кіріп, 102, 103-ке звондадым, бірақ алмады. Сосын дүкенді жабамын дегенде 3 жігіт пен 2 қыз бен тағы бір жігіт кірді. Олар сыра алмақшы болды, мен дүкенді жабамын шығыңдар дедім»,- деді Шерзаттың әкесі.
Куәгер Санат Әбдіқадыр бұл жауаппен келіспейтінін айтты.
«00:35-те біз дүкеннің алдына тоқтадық. Мен бұл кісіні басында байқамадым. Біз Нұрқанатпен сөйлесіп, дүкенге кіріп кеттік. Дидар деген бала екі сыраны алып қойып жатты. Бірақ сатушы болмады. Есікті ашты, сол кезде біреу келіп қалды, амандасып, «сатушы кім?» деді. Сол кезде осы кісі кірді. Ол витрина жаққа өтті, мен темекі алайын деп қалтамнан қолма-қол ақшамды шығарып, төлейін деп жатқан кезде сырттан гүрс-гүрс етілген дауыс естіледі. Сол кезде аға бізді «шығыңдар» деп шығарып жібереді. Содан біз көлікке отырып, кетіп қалдық»,-деп жауап берді Санат Әбдіқадыр.
Ол сонымен қатар «делайте» деген сөзді айтпағанын жеткізді.
«Ондай сөз айтқан жоқпын. «Делайте» деген сөзді мүлдем айтпадым»,- деді ол.
Сонымен қатар ол оқиға орнында болған жігіттерді танымайтынын және олармен амандаспағанын айтты.



