Шерзат Полаттың ісі: патрульдік полицей сол түнгі оқиға туралы айтып берді


Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысында куәгерлер жауап беріп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Талғар аудандық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкері Дәурен Құрамысов 4 қазан күні оқиға орнына барған кезі туралы айтып берді.
«Шамамен 00:42 шамасында Менделеев көшесінде төбелес болып жатқаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына 7-8 минутта барып, сол жерде жүрген адамдардан мән-жайды сұрай бастадық. Естіген және білген деректерді кезекші бөлімге хабарлап, жедел тергеу тобын күттік. Ол жерде 4-5 жас бала жүрді мен олардан сұрай бастадым. Сол кезде бір бала «басымды біреу ұрды» деді. Ол кезде оның басынан қан ағып тұрды. Оған жедел жәрдем шақырғанымызды айтып, ешқайда кетпеулерін сұрадым. Үлкен кісілер келе бастады. Олар бір баланың пышақталғанын, оны әке-шешесі ауруханаға алып кеткенін, мылтық атылғанын айтты. Олар екі автокөліктің қашып кеткеннін айтты. Содан жедел жәрдем келді. Одан кейін жедел тергеу тобы келді. Сосын біз барлық мән-жайды айтып болған соң, бізге кезекшілік бөлімнен екі автокөлікті ұстау туралы тапсырма түсті»,- деді Дәурен Құрамысов.
Патрульдік полиция қызметкері «Қамажай» дүкеніне кірген кезде іште үлкен апа отырғанын айтты.
«Дүкен ішіне кіргенде үлкен апа отырды. Ол кісімен енді сөйлесе басталғанда «балам аман ба?» деп сұрады. Мен ол кезде сыртта басы қан баланы айтып тұр деп ойлап, балаңыз аман деп жауап бердім. Сосын шығып кеттім. Біз көліктерді іздеп жүргенде Рысқұлов ауылынан «гольф» автокөлігін көрдік. Оның терезелері сынған еді. Оны кезекші бөлімге баяндап, күзетіп отырдық. Сол сәтте бір ер азаматты байқадым, ол өзін Дархан Әскентаймын деп таныстырды және бір көзі көгерген сияқты болды»,- деді ол.
Дәурен Құрамысов сот отырысында куә ретінде жауап берген әріптесі Жәнібек Әмірақын сияқты жерден қан көргенін айтты.



