Шерзат ісі: Адвокат айыпталушылармен бірге жүрген екі қызды күдікті деп тануды сұрады


Бүгін Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысында жалғасып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев оқиға бойынша куәгер деп танылған Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіні оқиғаны жасырып, хабарламағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы сотқа өтініш хат білдірді.
Адвокат сот процесінде Эльмира Нұрбекова қазақша емес, орыс тілінде жауап бергенін сұрағанын, бірақ тергеу кезіндегі бейнежазбалар мен басқа да дәлелдер оның қазақ тілін жақсы білетінін көрсеткенін айтты.
«Куә ретінде жауап алынбас бұрын Э.Нұрбековаға өз құқықтары түсіндірілді. Сондай-ақ жалған ақпарат берген жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны ескертілді. Оқиғадан кейін Э.Нұрбекова сотталушылармен бірге көлікте отырған. Бейнежазбада оның әрекеті анық көрсетілген. Ол әңгімеге белсенді араласып, өз пікірін білдірген. Ешкім оған шектеу қоймаған. Сондықтан Э.Нұрбекованың әрекетінде ҚР Қылмыстық кодексінің 421-бабы 2-тармағына сәйкес – Сотқа көрінеу жалған ақпарат беру, сондай-ақ 434-бапқа сәйкес – Ауыр қылмыс туралы хабарламау белгілері бар деп есептейміз», – деді адвокат Мейірман Шекеев.
Сонымен қатар адвокат куәгер Дана Жақсыгелдіге қатысты дәл осындай өтініш хат білдіріп, оған ҚК 434-бабы бойынша қаулы шығаруды сұрады.
Судья бұл өтініш хатты әзірге ашық қалдырды.



