Семейде қатарластары соққыға жыққан оқушының қазіргі жағдайы белгілі болды


Дәрігерлер Семейде қатарластары аяусыз соққыға жыққан 6-сынып оқушысының жағдайы туралы айтты. Жасөспірім қазір дәрігерлердің бақылауында, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлер баланың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалады. Бірақ науқастың психоэмоционалдық жағдайын және диагнозын ескеріп отыр.
Медициналық мекемедегілер 6-сынып оқушысының қабылдау бөліміне 23 ақпан күні келіп түскенін айтты.
«Тексеру кезінде бас сүйек пен мидың жабық жарақаты, бастың артқы жағында және бас терісіндегі гематомалар, сонымен қатар аяқтарында көптеген тері асты гематомалары анықталды. Баланың өміріне еш қауіп жоқ», – деді дәрігерлер.
Айтуынша, науқасқа дер кезінде қажетті медициналық көмек көрсетілген. Бала барлық қажетті тексерулерден өтті. Қазір педиатр, травматолог және невропатологтың бақылауында. Сондай-ақ дәрігерлер жасөспірімнің психологиялық оңалтудан өтуі өте маңызды екенін айтты.
Еске салсақ, бұған дейін Семейде бір топ оқушы қатарластарын аяусыз ұрып-соққан болатын. Оқушыны аяусыз ұрып-соққан жасөспірімдер арнайы мектепке жіберілді. Сондай-ақ оқушылар білім алған №9 мектептің директоры қызметінен босатылып, оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды.