«Өлтіресіңдер деп айғайладым»: Талғар қаласының тұрғыны Шерзат көз жұмған күн туралы айтып берді


Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сот отырысында куәгер, Талғар қаласының тұрғыны Сәкен Әкежанов жауап берді.
Куәгердің айтуынша, ол оқиға болған «Қамажай» дүкеніне қарама-қарсы үйде тұрады.
Мемлекеттік айыпталушы куәгерден оқиға күні туралы толық айтып беруді сұрады.
«Мен ол уақытта үйде ұйықтап жатқанмын. Уақытты қарамадым. Екі рет “тарс” еткен дауыс шықты. Мен мотоцикл айдап жүрген жастар деп ойлап, жата бердім. Сосын ойбайлап жатқан әйелдің дауысын естідім. Шамамен «жедел-жәрдем шақырыңдар» деген дауыс болды. Балконға шықсам, 10 шақты жігіт жүгіріп келіп, бір жігітті тепкілеп жатқанын көрдім. Сосын мен «жігіттер қойыңдар, өлтіресіңдер ғой» деп айғайладым. Олардың түрлерін көре алмадым. Бір жігіттің қолында ұзындау бірдеңе болды, сонымен ұрып жатты»,- деді қала тұрғыны.
Белгілі болғандай, қала тұрғыны кейін жедел-жәрдем шақырған.



