Атырауда есірткі таратып жүрген жасөспірім ұсталды


Атырау қаласында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытында жүргізілген жедел шаралар барысында полицейлер 17 жастағы Қызылорда облысының тұрғынын қолға түсірді, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кәмелетке толмаған жасөспірім қаланың көшелерінің бірінде синтетикалық есірткі заттарын таратып жүрген жерінен ұсталған.
Жеке тінту кезінде тәртіп сақшылары оның жанынан қара түсті изолентаға оралған, әрқайсысы 1 грамм салмаққа жуық 25 бума тауып, тәркіледі. Сараптама нәтижесінде алынған заттың жалпы салмағы 24,7 грамды құрайтын «Альфа-PVP» синтетикалық есірткі заты екені анықталды.
«Қазіргі таңда күдікті соттың қаулысымен тергеу изоляторына қамауға алынды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі 3-тармағына сәйкес («Аса ірі көлемде есірткі заттарын өткізу мақсатында сақтау және тарату») сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр», – делінген ақпаратта.



