Түркістан облысында тоғыз ғасырлық тарихы бар кесене қирап қалған (ВИДЕО)
Түркістан облысында мемлекет қорғауындағы тоғыз ғасырлық тарихы бар мәдени мұра қирап қалды. Қаратау шыңына Ақбикеш мұнарасы XII ғасырда салынған. Кесененің опырылуын тұрғындар реставрация жұмысынан көруде, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
КТК телеарнасының мәліметінше, үш жыл бұрын көне қарауылхананы жаңғыртуға келген құрылысшылар мәдени мұраны «бүтіндейміз» деп жүріп бүлдірген. 2022 жылы мұнараны нығайтуға 30 миллион теңге бөлінген. Бірақ жаңғырту жұмыстарын көрген тұрғындар бүтіндеуді реставратор мамандар емес, гастарбайтерлер жүргізгенін айтты.
Реставрация жұмысы біткен соң да көп өтпей сылағы түсіп, қабырғалары сөгіле бастапты. Осылайша, 9 ғасыр тұрған 11 метрлік мұнара жаңартылғанына үш жыл өтпестен опырылып қалған.
Созақ ауданының әкімдігі мәдени мұраның бүлініп жатқаны туралы талайдан бері дабыл қаққандарын айтады.
Енді қираған мұнараны үш жыл бұрын жаңғырту жұмыстарын жүргізген «Қазқайтажаңарту» мекемесі қайта бүтіндемек.
«2020 жылы «Қазреставрация» ғылыми зерттеу және жобалау мекемесінің Қызылорда филиалы тарапынан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Біз осы мекемеге кешегі жағдайды толық баяндап, ол мекеме арнайы комиссия құрып, алдағы уақытта осы мұнарамызды қайта қалпына келтіру жүргізілетінін хабарлады», - дейді Созақ ауданы әкімінің орынбасары Серік Маманов.