Қасым-Жомарт Тоқаев: Мәдениет – ұлттың төлқұжаты

Бүгін, 12:54
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Қасым-Жомарт Тоқаев: Мәдениет – ұлттың төлқұжаты
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақордада салтанатты жиын өтті.

Президент ұлтымыздың болмыс-бітімін сақтауға, халқымыздың руханиятын байытуға зор үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

«Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр. Талантты музыканттарымыз әлемдік сахналарда табысты өнер көрсетіп жүр. Қазақ киногерлері түрлі халықаралық байқауларға қатысып, сарапшылардың жоғары бағасына ие болуда. Елордамызда Дүниежүзілік көшпенділер ойындары табысты өтті. Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Рухани мұраларымыз цифрлық форматқа көшіріле бастады. Таяуда ұлтымыздың бір жарым мың ән-күйі мен фольклорлық мұрасы ең танымал халықаралық платформаларға салынды. Төл өнеріміз креативті индустрия арқылы барынша насихатталуда», -  деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекет өнер саласын өркендетуге әрдайым ерекше мән береді. Өйткені мәдениеті озық елдің рухы биік болады.

«Былтырдың өзінде 45 жаңа мәдениет нысаны салынды. Бұл жұмыс болашақта да жалғасын табады. Театр – руханиятымыздың негізгі тірегінің бірі. Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында аймақтағы театрларды дамыту туралы нақты тапсырма берілді. Театрлардың көпшілігі толық жаңғыртуды қажет етеді. Кейбіріне жаңа ғимарат керек. Осы жұмысқа кәсіпкерлер мен меценаттарды жұмылдырған абзал. Бұл – әлемде кең таралған тәжірибе. Мұндай жобаларға инвестиция салуға дайын азаматтар аз емес. Мен бизнес өкілдерін руханиятымызды дамыту ісіне атсалысуға шақырамын», - деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде іргелі мәдениет ошақтары көп екеніне назар аударып, олар талай жылдан бері көрермен қауымға тағылымды қойылымдар ұсынып келе жатқанын жеткізді.

«Осы орайда Бикен Римова атындағы қазақ драма театрына, Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театрына және Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияға академиялық мәртебе беру қажет деп санаймын. Бұл қадам мәдениет мекемелерінің жұмысына тың серпін берері сөзсіз», - деді Мемлекет басшысы.