00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада Дулат Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» драмасы сахналанды

Астанада Дулат Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» драмасы сахналанды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында көрнекті жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» драмасы қойылды, деп хабарлады Elorda.info. 

Туынды Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналды. Спектакльді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев сахналады.

3f90a5e5-8031-40ca-8961-6ae09d25dc15.jpg

Сұрапыл соғыстың зардабын майданда от кешкен жауынгерлермен бірге ауылда Ұлы Жеңіс үшін жан аямай тірлік еткен еңбеккерлер қатар көрді. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында» келесі қара қағаздың өздерінің үйіне келмесін тілеп отырған жандардың үміті, ішкі қайғы-мұңы бір адамның көтеретін жүгі емес еді. 

Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» драмасында әйел қауымының иығына түскен ауыртпалық, қиындыққа көніп туған, ерте есейген балалардың көрген азабы, тылдағы еңбек, бүкіл ауылдың үрейін ұшырса да, тыныштығын күзеткен Демесіннің  аянышты тағдырына куә боласың. 

Бұл туынды алғаш рет 2020 жылы Жеңістің 75 жылдығына орай қойылды. Шығарманың дәл осы театрда қойылуында бір заңдылық бар. Жазушы осындай атаумен алдымен әңгіме жазды. Ол өнер адамдарын қызықтырды. Соның ішінде әйгілі әртіс Әнуар Молдабеков әңгімені пьесаға айналдыруды ұсынды. Бас кейіпкер Демесіннің бейнесін өзі сомдағысы келетінін айтты. Алайда арада көп уақыт өтпей актер өмірден озып кетіп, арманына жете алмады…

Ал М.Әуезов театрының сол кездегі көркемдік жетекшісі Әзірбайжан Мәмбетов авторға ресми хат жазып, шығарманы сахнаға лайықтауды өтінді. Актер мен режиссердің өтінішін жерде қалдырмаған қаламгер екі айдың ішінде пьеса жазып шықты. Спектакльді аталмыш өнер ордасында Сәулебек Асылханов қойды. Бас кейіпкерлерді Қазақстанның халық әртістері Тұңғышбай Жаманқұлов пен Гүлжан Әспетова сомдады, - деді театрдың әдеби бөлімінің меңгерушісі Рухия Бақытбек.

Спектакль желісі бас кейіпкер Демесіннің айналасында өрбиді. Кішкентайынан қасірет шеккен оны ауыл жұрты «жынды», «есалаң», «әумесер» деп атап кеткен. Ол болса қысы-жазы үстінен көнетоз солдат шинелі мен әскери бас киімді тастамай, өзін «тыныштық күзетшісі» деп атайтын.

1f46cd01-4116-440b-93ea-609743db4f40.jpg

Драмада соғыс жылдарындағы ауыл тіршілігі, тылдағы еңбек суреттеледі. Әйелдер мен балалардың иықтарына түскен ауыртпалық айқын көрінеді. Бірақ жанры драма болса да, Дулат Исабековтің қаламына тән юмор қоса жүреді.

28ec0acc-ee5e-41e9-950f-c85a9067d1fe.jpg