00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Алматыда Ермек Серкебаевқа арналған ескерткіш ашылды

Алматыда Ермек Серкебаевқа арналған  ескерткіш ашылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Бүгін  көрнекті опера әншісі, актер, педагог Ермек Серкебаевқа арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Ашылу салтанатына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, әншінің ағасы Мұрат Серкебаев,  ұлы Байғали Серкебаев, сондай-ақ  зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Ескерткіш Абылай хан даңғылының бойында, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі ғимаратының алдында орнатылған.

Министр Аида Балаева ескерткіштің ашылуы елінің ұлы перзентіне деген құрметі  екенін атапөтіп, Ермек Серкебаевтың бай рухани мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталатынына сенім білдірді.

«Ермек Серкебаев – сирек кездесетін талант иесі, кәсіби шеберлігі жоғары музыкант. Ол миллиондаған өнер сүйер көрерменнің шынайы махаббатына бөленді. Бүгінгі қазақ операсын Ермек Серкебаевсыз елестету  –  қиын. Оның ғибратты ғұмыры – мәдениетіміздің тарихындағы тұтас бір тарау. Көпшілік білмеуі мүмкін, бірақ ол қоғамдық-саяси өмірде де белсенділік танытып, Тәуелсіздігіміздің қалыптасуы мен нығаюына зор үлес қосты. Сонымен қатар, Ермек Бекмұхамедұлы дарынды музыканттар әулетінің негізін қалады. Балалары мен немерелері оның ісін лайықты жалғастырып, қазақ өнерін әлемнің әр түкпірінде дәріптеп жатыр», -  деді Мәдениет және ақпарат министрі.

Ведомство басшысы Ермек Серкебаевтың бейнесін қоладан сомдаған мүсіншілер – Айдос Бүркітбаевқа, Тимур Ермұхаметовке, Ақылбек Орманбековке және Қуаныш Асылбайға ерекше алғыс білдірді.