«Астана Балет» театры «Саломея» балетін көрермен назарына ұсынады


25-26 сәуірде «Астана Балет» театрының сахнасынан «Ma Carmen» және «Саломея» бір актілі балеттерін тамашалауға болады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл туралы «Астана Балет» театрының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Екі қойылым да классикалық сюжеттерді батыл әрі терең интерпретациялаумен ерекшеленетін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, хореограф Мукарам Авахридің туындылары.
Кармен – асау құмарлықтың, еркіндік пен әйел бостандығына аңсаудың символына айналған есім. Бұл әйгілі новелланың немесе операның кейіпкері ғана емес, сонымен қатар, әйел табиғатының барлық күрделілігі мен қайшылықтарын қамтитын архетип. Оның бейнесінде күш пен осалдық, құмарлық пен мақтаныш, айыптауға, ауыртпашылық пен трагедияға қарамастан өзін-өзі сүюге және өзді-өз болуға деген ұмтылыс бар.
Мукарам Авахридің Ma Carmen балетінде Кармен бейнесі бес кейіпкер –әйелдің бес қыры арқылы ашылады. Олар көңіл-күй мозаикасы, ұмтылыс пен осалдық, нәзіктік пен ашу-ыза, бойсұну мен бүлік секілді әйел жанының калейдоскопы іспетті әр фрагментте бірін-бірі алмастырып, сан-алуан сезімді пластика тілімен суреттейді. Бірлесе отырып, олар біртұтас дауысқа, ішкі еркіндік пен жалғыздық трагедиясына айналады. Супрематизмнің бейнелеу эстетикасымен түйіскен неоклассикалық хореография – сезімнің ең нәзік иірімдерін тербейтін форма мен қозғалысқа құрылған. Спектакль батыл түрде: «әйелдік» – барлық алуан түрлілігі мен тереңдігімен – балетте өз бетінше, «Ян» бастауына сүйенбей, белгілі бір қалыпты айқындайтын еркектік көзқарассыз да көрініс таба алады. Бұл батыл әрекет. Осылайша, көркем оймен жеткізілген би бейне бір манифестке айналғандай.
Спектакльдің музыкалық палитрасы Джордж Бизе, Родион Щедрин және Дэвидсон Джаконеллоның шығармаларын біріктіріп, хореография тілін байыта түскендей. Ольга Шаишмелашвили жасаған сценография мен костюмдер, сондай-ақ, Денис Солнцевтің жарық, ал, Вадим Дуленко мен Марат Сағадиновтың бейне безендіруі қойылымның көрнекі келбетін толықтыра түсті.
«Саломея» балеті Оскар Уайльд пьесасының желісімен қойылып, заманауи түрік композиторы Фазыл Сай музыкасымен сүйемелденеді. Көркем тұжырымдама мен хореография авторы Мукарам Авахри, сценография мен костюмдерді Ольга Шаишмелашвили жасаған, либретто Дилара Шомаевамен бірлесіп әзірленген, жарықпен безендіруді Денис Солнцев жүзеге асырған, ал балетмейстердің көмекшісі Айжан Жүнісова.
Қойылым адамның қалауы мен құмарлығының табиғатын зерттеп, сезім табиғаты жайлы толғанып, махаббат емес, оны қалаудың өзі ешқандай бөгетті мойындамайтын дүлей күшке айналуы мүмкін екенін баяндайды. Хореография графикалық пластиканы шығысқа тән элементтермен үйлестіріп, әр түрлі орындау әдістерін, соның ішінде пуантемен және жалаң аяқ билеу әдістерін қолданады.
«Мені адам бойындағы дүлей күш пен асыл күш екеуі де қызықтырады. Себебі бұл – тұтас дүниенің сан-қыры», - деді Мукарам Авахри.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.



