Бақылаусыз көші-қон елорданың маңызды салаларына салмақ түсіріп отыр - Табиғат Зейнұлқабден

Астана қаласы мәслихаты төрағасы Табиғат Зейнұлқабден Президент Жолдауда айтқан елорда инфрақұрылымы мен халық санына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Президент өз Жолдауында маңызды мәселеге тоқталды – елорда инфрақұрылымының дамуына қарағанда халық саны әлдеқайда жылдам өсіп жатыр.
Бар-жоғы үш жылдың ішінде Астана тұрғындарының саны 250 мың адамға артты, ал ресми 1,5 млн көрсеткішіне қарамастан, нақты жүктеме шамамен 2 млн тұрғынға есептелген. Бұл мәселені біз мәслихат отырыстарында бірнеше рет көтергенбіз.
Бақылаусыз көші-қон жылу, су жүйесіне, көлік пен әлеуметтік салаға айтарлықтай салмақ түсіруде. Сонымен қатар көптеген өңірлер өз халқын жоғалтып, олардың бюджеттері әрдайым тиімді жұмсалмай отыр.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішіндегі және шетелден келетін көші-қон ағындарын нақты бақылау үшін бірыңғай цифрлық есеп жүйесін енгізуді тапсырды. Сондай-ақ адамдар тек астанаға көшуге мәжбүр болмас үшін баламалы даму орталықтарын құрудың маңызына назар аударды», - деді Астана қаласы мәслихаты төрағасы.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы кәсіптер жылы деп жариялағанын айта келіп, білікті мамандар даярлау мәселесіне тоқталды.
«Президенттің айтуынша, бүгінде елге инженерлер, құрылысшылар, аграршылар сияқты білікті мамандар қажет. Мемлекет адамдардың өңірлерде қалып, нақты секторда мансап құруына мүмкіндік беретін бағдарламаларды дамытатын болады.
Бұл қадамдар оңай емес, бірақ көші-қонды реттеу және елдің дамуын теңгерімді ету үшін аса қажет», - деп пікір білдірді Табиғат Зейнұлқабден.



