ҚР ІІМ Ұлттық ұланында әскери қызметшілердің өтініштері мен шағымдарын анонимді түрде қабылдауға арналған ULAN SENIM цифрлық жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр. Жоба Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімінде іске қосылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отандық Aitu мессенджері негізінде әзірленген жүйе әскери қызметшілер мен қолбасшылық арасындағы байланысты жақсартуға бағытталған. Сарбаздар QR-кодты сканерлеу арқылы қосымшаға кіріп, өздерін толғандырған мәселелер туралы анонимді түрде хабарлай алады.

Өтініш жолдау үшін әскери қызметші тиісті санатты таңдап, мәселенің мән-жайын жазады. Әр өтінішке бірегей нөмір беріліп, ол қарау үшін қолбасшылыққа жіберіледі. Өтінішті қарауға үш күн уақыт беріледі.
Жүйе арқылы әскери қызметшілер әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, материалдық қамтамасыз ету, құқықтарының сақталуы, қызметтік мәселелер және ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал жөнінде шағымдана алады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану немесе жеке құрам арасындағы келіспеушіліктер туралы хабарлауға мүмкіндік бар.

Бұдан бөлек, сарбаздар күн тәртібін өзгерту, демалысты ұйымдастыру немесе асхана мәзірін жаңарту жөнінде ұсыныстарын жолдай алады.
ULAN SENIM жүйесінде өтініштің қаралу мәртебесін бақылау және бұрын жіберілген өтініштердің тарихын көру мүмкіндігі қарастырылған. Ал қолбасшылық үшін келіп түскен өтініштер мен олардың орындалуын қадағалайтын жеке кабинет әзірленген.
Ұлттық ұланның мәліметінше, қазіргі уақытта жүйенің техникалық мүмкіндіктері, өтініштерді тіркеу және қарау тетіктері тексеріліп жатыр. Сынақ барысында анықталған кемшіліктер түзетілгеннен кейін ULAN SENIM жүйесін Ұлттық ұланның барлық әскери бөліміне енгізу мүмкіндігі қарастырылады.

Бұған дейін Ұлттық ұлан Академиясында дрон операторлары даярлана бастағаны хабарланған еді.