Айдар Құрмашев: Жолдауда Орталық Азияның дамуы аясындағы Қазақстанның инфрақұрылымдық бастамалары айтылды

Айдар Құрмашев: Жолдауда Орталық Азияның дамуы аясындағы Қазақстанның инфрақұрылымдық бастамалары айтылды
Фото: ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында инфрақұрылымды жаңғырту, көлік-логистика әлеуетін дамыту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы міндеттер белгіленді. Бұл бастамалар елдің ішкі экономикалық дамуына ғана емес, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы өндірістік және технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге де ықпал етуі мүмкін. Әсіресе көлік дәліздерін дамыту, электр энергиясының профицитіне қол жеткізу және су ресурстарын тиімді пайдалану өңірлік маңызға ие. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Сарапшының пікірінше, Президент ұсынған «Халықтық құрылыс» бастамасы Қазақстанның өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, Орталық Азия елдерімен экономикалық кооперацияны дамытуға мүмкіндік береді. 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланған. Бұл ретте құрылыс материалдары, металл конструкциялар мен инженерлік жабдықтар отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілуі тиіс.

Айдар Құрмашевтің сөзінше, бірнеше жылға созылатын тұрақты сұраныс кәсіпорындарға өндіріс көлемін кеңейтуге жағдай жасайды. Сонымен қатар бұл бағыт өңірлік серіктестер үшін Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар құруға, технологиялық ынтымақтастықты дамытуға және мамандар даярлауға жол ашады.

«Менің ойымша, бұл өңірлік серіктестер үшін Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар құруға, технологиялық ынтымақтастықты дамытуға және мамандар даярлауға мүмкіндік ашады. Бірнеше жылға созылатын тұрақты сұраныс бизнеске өндірісті кеңейтуді жоспарлауға жағдай жасайды. Өңірлік нәтиже көршілес елдердің компаниялары осындай кооперацияға қаншалықты қатыса алатынына және қазақстандық кәсіпорындармен орнықты байланыс орната алатынына байланысты болады», - деді сарапшы.

Оның айтуынша, көлік-логистика саласындағы бастамалар да Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы сауда мүмкіндіктеріне тікелей әсер етеді. Жолдауда келтірілген бағалауға сәйкес, «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің іске қосылуы Қытаймен жүк тасымалдаудың өткізу қабілетін 20 млн тоннаға арттырады. Ал «Арал – Каспий» магистралі Транскаспий бағытының ұзындығын шамамен мың шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді.

Бұл жобалар Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, көршілес мемлекеттердің экспорттық бағыттарын әртараптандыруға да жағдай жасайды. Дегенмен көлік дәліздерінің тиімділігі шекара өткелдерінің, тасымалдаушылар мен порттардың жұмысын үйлестіруге байланысты. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, Орта дәліздің экономикалық тиімділігі инфрақұрылымдық инвестициялармен қатар, цифрландыру және мемлекетаралық үйлестіру деңгейіне тәуелді.

Сарапшы энергетика саласындағы міндеттердің де өңірлік маңызына тоқталды. 2029 жылға қарай электр энергиясының тұрақты профицитіне қол жеткізу Қазақстанның өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы және цифрлық секторларының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа энергетикалық қуаттар уақытылы іске қосылған жағдайда, ел көршілес мемлекеттермен электр энергиясын өзара жеткізу мүмкіндіктерін де кеңейте алады.

Айдар Құрмашевтің пікірінше, бұл ретте мемлекетаралық электр желілерін жаңғырту және электр энергиясы саудасының келісілген шарттарын қалыптастыру маңызды. Энергиямен тұрақты қамтамасыз етілу жаңа өндірістерді орналастыруға және өңірдегі бірлескен өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға да ықпал етеді.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту да Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық байланыстарын кеңейтетін бағыттардың бірі саналады. Президент Жолдауында Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық магистраль тарту жұмыстарының аяқталғаны, екі суперкомпьютердің іске қосылғаны және деректерді өңдеу орталықтарының салынып жатқаны айтылды.

Сарапшының сөзінше, аталған инфрақұрылым коммерциялық негізде қолжетімді болған жағдайда, Қазақстан көршілес мемлекеттердің компанияларына деректерді сақтау және өңдеу қызметтерін, сондай-ақ жасанды интеллект міндеттеріне арналған есептеу қуаттарын ұсына алады. Бұл бағыттың табысты болуы қызмет құнына, электрмен жабдықтаудың сенімділігіне, деректердің қорғалуына және білікті мамандардың болуына байланысты.

Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де Орталық Азия елдері үшін ортақ міндет саналады. Жолдауда су шығынын азайту және Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құруды аяқтау жөнінде тапсырмалар берілген. Еуразиялық даму банкінің бағалауынша, батыл өзгерістер жасалмаса, 2028 жылға қарай өңірдегі су тапшылығы жыл сайын 5–12 текше шақырымға жетуі мүмкін.

Осыған байланысты ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейту мен жаңа кәсіпорындар салу нақты су ресурстарымен қамтамасыз етілу деңгейіне сәйкес жоспарлануы қажет. Ұлттық деңгейде су есебінің дәлдігін арттыру көршілес мемлекеттермен деректер алмасуға және су ресурстарын пайдалану мәселелерін келісуге негіз болады.

«Ұлттық деңгейдегі анағұрлым дәл есепке алу көршілермен салыстыруға келетін деректер алмасуға және суды пайдалануды келісуге негіз бола алады. Мұның практикалық маңызы айқын: фермерлер, энергетика саласының өкілдері және инвесторлар үшін белгісіздікті азайту. Қазақстан ішіндегі су үнемдеу шараларының нәтижелері жаңа су алу нысандарын жоспарлау және трансшекаралық су жеткізу мәселелерін талқылау кезінде ескерілсе, бұл өңірлік ынтымақтастықты нығайтады», - деді Айдар Құрмашев.

Сарапшы критикалық металдар саласындағы бастамалардың да Қазақстанның халықаралық экономикалық байланыстарын дамытуда маңызы бар екенін атап өтті. Президент бұл бағытта ресурстар қорын басқару жүйесін құру, ұзақ мерзімді қаржыландыруды қамтамасыз ету және стратегиялық серіктестіктер арқылы Қазақстанды жаһандық өндірістік тізбектерге қосу міндеттерін белгіледі.

Оның пікірінше, бұл ресурстарды игеру өңдеу саласына инвестиция тартуға, жаңа технологияларды енгізуге және мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге Орталық Азия елдері арасында бірлескен геологиялық зерттеулер жүргізуге, өндірістік жобаларды жүзеге асыруға және көлік инфрақұрылымын ортақ пайдалануға жол ашуы мүмкін.

Жалпы, Жолдауда белгіленген инфрақұрылымдық бастамалар Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, Орталық Азиядағы сауда, энергетика, цифрлық технологиялар және су ресурстарын басқару салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Олардың нәтижесі бірлескен жобалардың жүзеге асуына, мемлекетаралық үйлестірудің сапасына және өңірлік серіктестіктің тұрақтылығына байланысты болмақ.