Әлемдік ЖИ сарапшысы Кай-Фу Ли цифрландыру саласының өкілдеріне авторлық курсын өткізді

Әлемдік ЖИ сарапшысы Кай-Фу Ли цифрландыру саласының өкілдеріне авторлық курсын өткізді
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Жасанды интеллект саласындағы әлемге танымал сарапшы, доктор Кай-Фу Ли Қазақстанның негізгі мемлекеттік органдары мен квазимемлекеттік сектор басшыларына арналған «AI Class» авторлық курсын өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Әлемдік сарапшы Кай-Фу Лидің цифрлық трансформациясын ілгерілетуге бағытталған маңызды білім беру шарасы Алматыдағы GITEX AI Kazakhstan 2026 жаһандық форумы қарсаңында өтті. Бағдарламаға елдің цифрландыру саласының өкілдері қатысты, олардың қатарында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ҚР Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ, «ҰАТ» АҚ және басқа да квазимемлекеттік сектор өкілдері бар.

«Доктор Кай-Фу Ли – әлемдік деңгейдегі тұлға. Ол венчурлық капиталист әрі жасанды интеллект туралы бестселлерлердің авторы ретінде танылған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі ретінде стратегиялық маңызды рөл атқарады. Осы қызметінде ол мемлекетке сараптамалық қолдау көрсетіп, ұлттық күн тәртібін қалыптастыруға және мемлекеттік басқару мен экономикаға ЖИ-дің озық стандарттарын енгізуге ықпал етеді», делінген хабарламада.

Курс барысында доктор Ли ЖИ-ді жаңа іргелі өндірістік жүйе және өнімділік инфрақұрылымы ретінде терең талдауды ұсынды.

«Жасанды интеллект тарихтағы ең қуатты өсім драйверіне айналуда, экономиканың жеделдеуі және технологиялар құнының 175 есеге дейін төмендеуі жағдайында табыстың негізгі факторы – енгізу жылдамдығы мен интеллектуалды жүйелермен жұмыс істеу қабілеті», - деді Кай-Фу Ли.

Бағдарлама автономды ЖИ-агенттердің эволюциясы, жаһандық технологиялық ландшафт және ЖИ-ді мемлекеттік секторда қолдану сценариі сияқты аса маңызды бағыттарды қамтыды. Қатысушылар модельдер мен құралдарды біріктіруге қажетті платформалық қабат тұжырымдамасымен, сондай-ақ адам мен алгоритмдердің өзара әрекеттесуінің заманауи тәсілдерімен, соның ішінде промпт-инжиниринг және «vibe-coding» әдістерімен танысты.
Интенсив алдағы форум қарсаңында елдің технологиялық блогы өкілдерін даярлау кезеңінің бірі болды.

Сессия қорытындысы бойынша қатысушылар өз ведомстволарында инновациялық бастамаларды іске асыру үшін теориялық біліммен қатар практикалық құралдарды да меңгерді.

Еске салайық, ертең Алматыда алғаш рет жасанды интеллектке арналған Орталық Азиядағы ең ірі технологиялық көрме – GITEX AI Kazakhstan 2026 өтеді. Форумға 60-тан астам елден саясаткерлер, технологиялық компаниялар, стартаптар мен инвесторлар жиналады.