Заң мен қоғамдық тәртіп қатаң сақталмаса, ешқандай реформа ойдағыдай жүзеге аспайды – Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі заң мен тәртіптің маңызы туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Мен неліктен Заң мен тәртіп қағидатын міндетті түрде іске асыру туралы жиі айтамын? Себебі заңдар мен қоғамдық тәртіп қатаң сақталмаса, елімізде ешқандай реформа ойдағыдай жүзеге аспайды. Өйткені бұл – өмірдің саяси заңы.
Ел ішін тұрақсыздық жайлаған, билік институттары орынсыз, жөнсіз сын мен шабуылға ұшыраған мемлекеттерде ешқандай ілгерілеу болмайды.
Осы орайда, мен біздің еліміздегі қоғамдық өмір дұрыс табиғи жолмен, яғни, эволюциялық жолмен даму керектігін, тоқырауға мүлде жол беруге болмайтынын жақсы түсінемін.
Сол себепті 2022 жылдың өзінде Конституцияға Президентті жеті жылдық мерзіммен бір рет қана сайлау туралы ереже енгізілді. Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік қызметте, сондай-ақ ұлттық компанияларда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды.
Ал жаңа Ата Заңға конституциялық және құқық қорғау органдарының басшыларын бір мерзімге сайлау туралы ереже енгізілді. Біз білетін елдердің конституциясында дәл осындай ережелер жоқ деп айтуға болады, - деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысы ел қолдауына ие болған нағыз Халық Конституциясы тұғырына қонғанын айтты.