Референдум-2026

Жалақыдан ұсталған алиментті аудармаған жұмыс беруші жауапқа тартылды

Бүгін, 16:38
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жалақыдан ұсталған алиментті аудармаған жұмыс беруші жауапқа тартылды
Фото: Magnific.соm

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот жұмыс берушіні жалақыдан ұсталған алимент қаражатын аударуға және тұрақсыздық айыбын төлеуге міндеттеп, алимент алушының құқықтарын қорғады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотына сілтеме жасап. 

Сот дауы ЖШС жұмыс берушінің қызметкерінің жалақысынан оның кәмелетке толмаған балаларының алименттерін ұстауынан кейін туындаған. Ұсталған алимент мөлшері 513 362 теңгені құраған. Алайда, жұмыс берушінің шоттарына салынған тыйымдарға байланысты бұл қаражат алимент алушыға аударылмаған.

Бұл ретте, 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қызметкердің алимент бойынша берешегі 1 126 875 теңгені құраған. Сот орындаушысының талаптарын орындамағаны үшін жұмыс берушінің лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Алимент алушы сотқа ЖШС-дан ұсталған, бірақ аударылмаған 513 362 теңгені, сондай-ақ тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талап қойып жүгінген.

Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар жұмыс беруші алимент бойынша борышкер болып табылмайды және өндіріп алушы алдында материалдық жауаптылықта болмайды деп есептеп, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.

Кассациялық сот бұл тұжырымдармен келіспеді.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 165-бабына сәйкес, жұмыс беруші жалақыдан ұсталған алиментті жалақы төленген күннен бастап үш күннен кешіктірмей алушыға аударуға міндетті. Мұндай қаражатты аударуды кешіктіргені үшін жауапкершілік ұйымның лауазымды тұлғасына жүктеледі.

Алимент қызметкердің жалақысынан ұсталғаннан кейін бұл қаражат оған тиесілі болудан қалады және жұмыс берушінің меншігіне айналмайды. Оның нысаналы мақсаты бар және міндетті түрде алимент алушыға аударылуға тиіс.

Заңды тұлғаның шоттарына салынған тыйымдар мен өзге де ауыртпалықтардың болуы жұмыс берушіні осы міндеттен босатпайды.

Ұсталған алименттер аударылмағандықтан, жұмыс берушінің міндеттемесі алимент алушы алдында дербес ақшалай берешектің туындауына әкеп соққан. Осыған байланысты талап қоюшы қаражатты тікелей ұйымнан өндіріп алуды талап етуге құқылы.

Сондай-ақ бөтеннің ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшін тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талап та негізді деп танылды.

Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың шешімдерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдады.

ЖШС-дан алимент алушының пайдасына ұсталған, бірақ аударылмаған 513 362 теңге алимент және 168 690 теңге тұрақсыздық айыбы өндірілді. Сонымен қатар, ұйымнан 10 230 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж өндірілді.