Бокстан Олимпиадалық салмақ дәрежелері белгілі болды
Халықаралық Олимпиадалық комитеті World Boxing ұйымы ұсынған 2028 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу жүйесін ресми түрде бекітті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ҰОК сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, Олимпиада тарихында алғаш рет бокстан толық гендерлік теңдік сақталады. Ерлер мен әйелдер жеті салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салады. Жалпы жарысқа 248 спортшы қатысады: 124 боксшы ерлер арасында, 124 спортшы әйелдер арасында бақ сынайды.
Жаңа іріктеу жүйесі бірнеше кезеңнен тұрады. Олимпиада жолдамалары үш әлемдік турнир мен бес құрлықтық жарыста сарапқа салынады.
Іріктеу кезеңі 2027 жылы Қазақстанда өтетін World Boxing әлем чемпионаты аясында басталады. Кейін 2027 және 2028 жылдары құрлықтық іріктеу турнирлері ұйымдастырылады.
Ал Олимпиадаға іріктеу кезеңі 2028 жылғы екі әлемдік квалификациялық турнирмен аяқталады. Жуық арада World Boxing жарыстарды өткізуге өтінім қабылдауды бастайды.
Айта кетейік, World Boxing Олимпиадаға іріктеу жүйесін де, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасындағы бокс бәсекелерін де өз бақылауына алады.
Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарында жүлделер төмендегі салмақ дәрежелері бойынша сарапқа салынады:
Ерлер
55 келіге дейін
60 келіге дейін
65 келіге дейін
70 келіге дейін
80 келіге дейін
90 келіге дейін
90 келіден жоғары
Әйелдер
51 келіге дейін
54 келіге дейін
57 келіге дейін
60 келіге дейін
65 келіге дейін
70 келіге дейін
75 келіден жоғары
World Boxing ұйымы 2023 жылдың сәуір айында құрылған. 2024 жылдың мамырында ұйым Халықаралық Олимпиадалық комитетімен алғашқы ресми кездесуін өткізсе, 2025 жылдың ақпанында Олимпиада қозғалысындағы халықаралық федерация ретінде уақытша мойындалған.
2028 жылғы Олимпиада ойындары 14-30 шілде аралығында АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді.
Еске сала кетейік, қазақстандық ауыр атлеттер әлем чемпионатында бес медаль жеңіп алды.