18 қазақстандық Сенегалда өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында бақ сынайды

18 қазақстандық Сенегалда өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында бақ сынайды
Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Сенегалда IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанаты өтті. Дүбірлі дода тарихта алғаш рет Африка құрлығында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап. 

Ашылу салтанатында Қазақстанның көк туын дзюдошы Фатима Сұпығалиева мен волейболшы Әлихан Ағабек алып шықты. Екеуі де 2025 жылы Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының жеңімпаздары. Сонымен қатар Фатима Сұпығалиева 2026 жылы кадеттер арасында дзюдодан әлем чемпионы атанған еді.

IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына 2000-нан астам спортшы қатысады. Дүбірлі додада 18 қазақстандық 11 спорт түрінен жүлде үшін бақ сынайды.

Айта кетейік, Дакар-2026 жасөспірімдер Олимпиадасына қатысушыларды анықтау тәртібі өзгерді. Бұл жолы бұрынғыдай арнайы іріктеу жарыстары өткізілген жоқ. Олимпиада жолдамаларын Халықаралық Олимпиадалық комитеті халықаралық спорт федерацияларымен бірлесіп, белгіленген талаптарға сәйкес үлестірді.

Еске салсақ, Қазақстан ұлттық құрамасы садақ атудан Азия кубогында екі жүлде иеленді.