Халықаралық іздеуде жүрген күдікті Түркиядан елімізге жеткізілді

Бүгін, 10:19
Думан Аманжол Думан Аманжол
Халықаралық іздеуде жүрген күдікті Түркиядан елімізге жеткізілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Түркиядан бірнеше алаяқтық қылмыс жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық елге экстрадицияланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

19 маусым күні Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұрауы негізінде Түркияның Самсун қаласында ұсталған күдікті Қазақстанға жеткізілді. Оны елге қайтару жұмыстары ҚР ІІМ-нің Түркия Республикасындағы өкілі мен Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті 2024 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында ақпараттық жүйелер мен Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке аккаунтын пайдалану арқылы Атырау қаласының екі тұрғынын алдап, олардың 3 млн теңгеден астам қаражатын иемденген.

Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, Алматы қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ішкі істер министрлігі қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып, шетелде жасырынған азаматтарды іздестіру және оларды елге қайтару бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын мәлімдеді.

Еске салсақ, Ақмола облысында полиция қызметкерлері ірі есірткі сатушының қызметін тоқтатып, заңсыз айналымнан синтетикалық есірткілер партиясын тәркіледі.