Ауыл оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың аудандық кезеңі басталды - министрлік

Бүгін, 17:25
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ауыл оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың аудандық кезеңі басталды - министрлік
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

7-9 қазан аралығында елімізде ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың екінші, аудандық кезеңі өтуде. Оған бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша іріктелген 9-11 (12)-сыныптардың 70 мыңнан астам оқушысы қатысуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Биыл олимпиаданың алғашқы кезеңіне 135 мың оқушы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 10 мың оқушыға көп.

Олимпиада 13 жалпы білім беретін пәнді қамтиды. Оның 6-уы жаратылыстану-математикалық, 7-уі қоғамдық-гуманитарлық бағытқа жатады. Зияткерлік сайыс жалпы төрт кезеңнен тұрады.

Аудандық кезеңнің жеңімпаздары 26-31 қазан аралығында өтетін облыстық кезеңге жолдама алады.

«Оқу-ағарту министрлігі ауыл мектептеріндегі дарынды балаларды анықтау және қолдау мақсатында республикалық олимпиада өткізеді. Бұл оқушыларға өз қабілеттерін ашуға және зияткерлік жарыстарда білімін көрсетуге мүмкіндік береді. Олимпиада өткізіле бастағаннан бері ауыл оқушыларының республикалық олимпиадалар мен байқауларға қатысу көрсеткіші 10 есеге артты», - деп хабарлады ведомство.

Еске салсақ, мектептерде құқықтық және есірткіге қарсы профилактиканың цифрлық форматтары енгізіліп жатыр.