Референдум-2026

Тамыз айында қайда баруға болады: елдегі ірі туристік іс-шаралардың тізімі

31 шілде, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Тамыз айында қайда баруға  болады: елдегі ірі туристік іс-шаралардың тізімі
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Тамыз айында Қазақстанның бірқатар өңірінде ірі туристік іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

Тамыз айында Қазақстанның бірнеше өңірінде мәдени, музыкалық және гастрономиялық бағыттағы ауқымды туристік іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл фестивальдердің барлығы Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылғы негізгі туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген.

Күнтізбедегі іс-шаралар оқиғалы және гастрономиялық туризмді дамытуға, өңірлердің туристік әлеуетін насихаттауға, сондай-ақ ішкі және келу туризмін жандандыруға бағытталған.

«AGROFEST-2026: жер ырысы» фестивалі

2026 жылғы 30 шілде – 1 тамыз

«Agrofest-2026: Жер ырысы» фестивалі Батыс Қазақстан облысында өтеді. Іс-шара ауыл шаруашылығы мен агротуризмді насихаттауға бағытталған.

Фестивальдің мақсаты – фермерлерді, жергілікті тұрғындар мен қонақтарды бір алаңға тоғыстырып, ауыл өмірінің көркемдігін, өңірдің табиғи және ауыл шаруашылығы әлеуетін таныстыру.

Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы техникасы мен өнімдерінің көрмесі, шеберлік сабақтары, өнімдердің дәмін тату, түрлі байқаулар мен ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады. Қонақтар фермерлердің күнделікті еңбегімен танысып, ауыл тіршілігінің тынысын сезініп, аграрлық кәсіптің қыр-сырын тәжірибе жүзінде байқап көруге мүмкіндік алады.

«QOSTANAI DALA FEST» агрофестивалі

1 тамыз, Қостанай облысы

«Qostanai Dala Fest» агрофестивалі – топырақ арқасында күн көріп, еңбегімен ырыс тапқан жандарды біріктіретін еңбек пен молшылық мерекесі.

Фестивальде заманауи агротехнологиялар таныстырылып, көрмелер, шеберлік сабақтары мен дегустациялар ұйымдастырылады.

Ашық аспан астындағы бұл шарада ауыл шаруашылығы жұмысшылары, кәсіпкерлер мен жастар туған жердің болашағын бірге қалыптастырады.

FIDE WORLD UNIVERSITY TEAM CHESS CHAMPIONSHIP 2026

3–10 тамыз, Алматы қаласы

FIDE World University Team Chess Championship 2026 – Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) қолдауымен өтетін жоғары оқу орындары арасындағы командалық шахматтан әлем чемпионатының финалдық кезеңі.

Турнирге іріктеу кезеңдерінен өткен және арнайы шақыртуға (wild card) ие болған әлемнің жетекші университеттерінен 16 үздік студенттік команда қатысады.

Жарыс студенттік шахматты дамытуға, халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға және зияткерлік спортты кеңінен насихаттауға бағытталған. Чемпионаттың финалы 2026 жылдың тамыз айында Алматы қаласында өтеді.

«ЛОТОС» фестивалі

15–16 тамыз, Атырау облысы

«Лотос» фестивалі жазда Атырау облысында өтеді. Шара мәдениетті, табиғатты және туризмді бір арнаға тоғыстырады. Тақырыбы – гүл ашқан лотостардың сұлулығы мен өңір дәстүрі.

Фестивальдің мақсаты – табиғат пен мәдени мұраны сақтай отырып, туризмді дамыту.

Қонақтарды шеберлік сабақтары ұйымдастырылатын киіз үйлер, ұлттық тағамдар, концерттер мен театрландырылған көріністер күтеді.

Ерекшелігі – қонақтар лотос гүлдері жайқалған алқаптарды аралап, табиғаттың сиқырын сезіне алады.

Байсерке аспаны

16 тамыз, Алматы облысы

«Байсерке аспаны» әуе шоуы жазда Алматы облысында өтеді. Бұл шара ұшқыштардың шеберлігі мен әуе спортын паш етуге арналған.

Фестивальдің мақсаты – көрерменге ұшқыштардың шеберлігін көрсетіп, өңірдің танымалдылығын арттыру.

Қонақтарды кәсіби ұшқыштардың көрсетілімдері, әуе трюктары, техника көрмесі мен жәрмеңкелер күтеді.

Ерекшелігі – ұшақтар аспанда түрлі өрнек сызып, көрерменге ерекше әсер сыйлайды.

«COMIC CON ASTANA» фестивалі

6–9 тамыз, Астана

Comic Con Astana – әлемнің түкпір-түкпірінен келген комикс, ойын, кино және гик мәдениетін біріктіретін ірі жазғы поп-мәдениет фестивалі.

Іс-шараның мақсаты – шығармашылық ортаны дамыту, әуесқойлардың басын қосу және тәжірибе алмасатын алаң құру.

Қонақтарды косплей-шоулар, актерлер мен блогерлермен кездесу, авторлық аймақтар, ойын турнирлері мен тақырыптық көрмелер күтеді.

Фестивальдің ерекшелігі – фанмәдениет энергиясы, шығармашылық пен еркін сұхбатқа арналған кеңістік және қала ауқымында тойланатын мерекелік формат.

«SHUBAT FEST» (AQ MAЯ FEST) фестивалі

29 тамыз, Маңғыстау облысы

«Ақ Мая Fest» – шұбат сусынының дала мәдениеті мен ұлттық дәстүріміздің бірегей жемісі, саулық пен қонақжайлық символы екенін айқындап, адам, табиғат және ұлттық мұра байланысын көрсететін фестиваль.

Бағдарламада дегустациялар, шеберлік сабақтары, көшпенділер ойындары мен кешкі концерттер ұйымдастырылады.

Фестивальдің басты ерекшелігі – шұбат негізіндегі коктейльдер мен Айрақты көгінде өтетін дрон-шоу. Сондай-ақ жанды музыка, шеберлер және фермерлермен кездесулер жазғы мерекеге ерекше көңіл-күй сыйлайды.