Ержан Сәденов киберқылмысқа қарсы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге шақырды

Ержан Сәденов киберқылмысқа қарсы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге шақырды
Фото: ІІМ

Астанада өтіп жатқан киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі халықаралық конференцияда Ішкі істер министрі Ержан Сәденов түрлі елдің құқық қорғау органдарын ынтымақтастықты күшейтуге шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, киберқылмыстың трансұлттық сипаты мемлекеттердің бірлесіп әрекет етуін талап етеді.

«Киберқылмыс мемлекеттік шекараларды мойындамайды. Қылмыскер бір елде, ал оның құрбаны басқа елде болуы мүмкін. Ұрланған қаражат санаулы минуттардың ішінде бірнеше мемлекеттің банк шоттары арқылы өтеді», – деді Ержан Сәденов.

Осыған байланысты министр құқық қорғау органдары арасында ақпарат алмасуды жеделдету, қылмыстық схемаларды бірлесіп анықтау және халықаралық тергеу іс-қимылдарын үйлестіру қажеттігін атап өтті.

«Біз бірлесе әрекет етуіміз қажет. Ақпарат алмасуды жеделдетіп, қылмыстық схемаларды бірге анықтап, тергеу жұмыстарын үйлестіруіміз керек. Ең бастысы – қылмыстарды ашумен ғана шектелмей, олардың алдын алу», – деді министр.

Ержан Сәденов киберқылмысқа қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықпен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына да басымдық беру маңызды екенін жеткізді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігінің көпшілікті киберполиция атын жамылған алаяқтардан сақ болуға шақырғаны хабарланған еді.