Су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі сегіз бассейндік жоспар әзірленіп жатыр

14 қыркүйек, 2026
Жәнібек Амангелді Жәнібек Амангелді
Су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі сегіз бассейндік жоспар әзірленіп жатыр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы былтыр қабылданған Су кодексінде көзделген су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі сегіз бассейндік жоспарды әзірлеудің екінші кезеңін жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Бассейндік жоспарлар су шаруашылығы балансын, су ресурсының жай-күйі мен пайдаланылуын бағалауды, су шаруашылығы және гидротехникалық нысанды жаңғырту, баламалы су көзін пайдалану және жерүсті су нысанын қалпына келтіру жөніндегі шараларды, сондай-ақ су пайдаланудың экономикалық тетігін жетілдіру ұсыныстарын қамтиды. Жоспарда судың зиянды әсері мен құрғақшылық тәуекелдерінің алдын алу шарасы да көзделген.

Бірінші кезеңде бастапқы деректерді жинау және талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, су нысандары, жерүсті және жерасты су ресурсы, табиғи-климаттық жағдай, су сапасы, су пайдалану, су шаруашылығы инфрақұрылымының жай-күйі және экологиялық ахуал туралы ақпарат жинақталды. Сондай-ақ тиісті аумақтардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші зерттелді.

Екінші кезеңде жиналған деректер мен су шаруашылығы баланстарының есептеу нәтижесін ескере отырып, қолданыстағы проблема мен қауіп-қатерлер айқындалып, олардың маңыздылығы бойынша жіктелді. Сонымен қатар сумен қамтамасыз етілу деңгейінің өзгеруіне болжам жасалып, судың зиянды әсер ету тәуекелі бағалануда.

«Бассейндік жоспарлар Қазақстанның су ресурстарын басқарудың жаңартылған жүйесінің негізіне айналады. Олар еліміздің сегіз су шаруашылығы бассейнінің әрқайсысы бойынша жеке әзірленіп, аумақтың нақты ерекшелігін ескеруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, су ресурсының қолжетімділігі мен көлемі, су шаруашылығы инфрақұрылымының жай-күйі мен даму перспективалары, халық пен экономиканың қажеттілігі, су шаруашылығы учаскесінің ерекшелігі және экологиялық ахуал назарға алынады. Осы құжаттың негізінде су ресурсын кешенді басқарудың Бас жоспары әзірленіп, су қауіпсіздігінің жалпыұлттық моделін қалыптастырады», – деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Еске сала кетсек, Биылғы вегетация кезеңінде шаруаларға шамамен 11 млрд текше метр су берілді.