«Нұр Жолы – Қорғас» бағытында жүк көліктерінің кезек күту уақыты цифрландыру нәтижесінде 30 күннен 3 күнге дейін қысқарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Digital Qazaqstan стратегиясы аясында көлік саласында жүк тасымалының тиімділігін арттыру, жолдардың сақталуын қамтамасыз ету және азаматтар мен бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің мерзімін қысқартуға бағытталған цифрлық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Соның бірі – 58 дереккөзді біріктіретін Smart Cargo платформасы. Ол халықаралық жүктерді бүкіл маршрут бойы қадағалауға мүмкіндік береді.
«Нұр Жолы» өткізу пунктінде тасымалдың цифрлық паспорты енгізілген. Қағаз талонның орнына бірыңғай QR-код қолданылады. Бүгінде 11 мыңнан астам цифрлық паспорт рәсімделіп, жүк өткізу жылдамдығы 30%-ға артқан.
«Нұр Жолы – Қорғас» бағытында кезекті күту уақыты 10 есеге қысқарды. Бұрын 30 күн болса, қазір 3 күн. Келесі қадам – Әзербайжан мен Ресей платформаларымен интеграция жасау», – деді Нұрлан Сауранбаев.
Сонымен қатар көлік саласындағы цифрлық шешімдерді біріктіретін e-Көлік жүйесі дамытылып жатыр. Оның жұмысы үшін Smart Data Transport деректер базасы құрылып, оған қазірдің өзінде 9 деректер көзі қосылған. Алдағы уақытта олардың санын 40-қа дейін жеткізу жоспарланып отыр.
ЖИ көмегімен көлік желісіне толық мониторинг жүргізу де көзделген.
Цифрландыру азаматтардың өтініштерін қарау процесіне де енгізілуде. ЖИ қолдану нәтижесінде өтініштерді қарау мерзімі 15 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін қысқарған. Алдағы мақсат – бұл мерзімді бір күнге дейін азайту.
Бұған дейін жасанды интеллект құрылыс жобаларын мемлекеттік сараптамадан өтізуді жеделдететіні хабарланған еді.