Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаржы саласын цифрлық трансформациялауға ерекше назар аударылды., деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметке сілтеме жасап.
«Бюджеттік жоспарлау, қазынашылық атқару, мемлекеттік активтерді басқару және аудит – барлығы бірыңғай цифрлық жүйеге қосылуы тиіс. Бұзушылықтарды анықталғаннан кейін ғана тіркемей, олардың алдын алуға көшу керек. Ал бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтерге қатысты шешімдер болжамды талдау негізінде қабылдануы керек. Цифрлық теңге осы жүйедегі құралдардың біріне айналып, бюджет қаражатының толық қадағалануын және смарт-келісімшарттарды қолдануды қамтамасыз етуі қажет. Түптеп келгенде, біз төлем жасалғаннан кейінгі бақылаудан тікелей төлем сәтіндегі бақылауға көшуіміз керек», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Салықтық әкімшілендіруге ерекше назар аударылды: азаматтар мен бизнес үшін салықтық әкімшілендіру барынша байқалмайтын әрі сервистік сипатқа ие болуы керек. Мемлекетте қазірдің өзінде деректердің едәуір көлемі бар, сондықтан салықтар автоматты түрде есептеліп, есептілікті алдын ала толтыру қажет. Бақылау адал жұмыс істейтін бизнеске емес, ең алдымен, нақты тәуекелдерге бағытталуы тиіс. Осыған байланысты Қаржы министрлігіне екі ай мерзімде мемлекеттік деректер мен тәуекелдерді бағалау модельдері негізінде автоматты түрде шешім қабылдауға болатын басым бюджеттік, салықтық және бақылау процестерін айқындап, оларды нақты жүзеге асыру тапсырылды.