Режеп Тайип Ердоған: Жаңа Конституция Қазақстанның ынтымағын арттыра түседі
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған республикалық референдумда халық қолдауына ие болған жаңа Конституция Қазақстанның ынтымағын одан әрі нығайта беретініне сенім білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар ол екі ел арасындағы қарым-қатынас кеңейтілген стратегиялық әріптестік аясында барлық салада тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтті.
– Қадірлі бауырыммен өткізген кездесуде сауда, энергетика, қорғаныс өнеркәсібі, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық және жаһандағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Біз сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенімізді растадық. Осы орайда 15 сәуірде Астанада өткен Үкіметаралық экономикалық комиссияның 14-ші отырысында қабылданған 67 тармақтан тұратын іс-қимыл жоспарын жүзеге асырудың маңызына тоқталдық. Инвестиция саласында компанияларды ынталандыруды жалғастырамыз. Бүгінгі бизнес-форум сияқты іскерлік ортаны біріктіретін іс-шаралар екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын нығайтуда аса маңызды, – деді Түркия Президенті.
Кеңес отырысында Қазақстан тарапынан Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Түркия тарапынан Сыртқы істер министрі Хакан Фидан және Сауда министрі Болат Омер баяндама жасады.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның мәдени-гуманитарлық байланыстары нығайып келе жатқанын айтқан болатын.