Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан мен Түркияның мәдени-гуманитарлық байланыстары нығайып келеді

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан мен Түркияның мәдени-гуманитарлық байланыстары нығайып келеді
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жылдан жылға артып келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Атап айтқанда, 2023 жылы жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантеп провинциясында Қазақстан бастамасымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп ашылды. Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларында «Маариф» қорының мектептерін ашу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Білім беру саласындағы байланыстар да кеңейіп келеді. Бүгінде Қазақстанның 14 мыңға жуық азаматы Түркияда білім алып жатса, еліміздегі жоғары оқу орындарында 260-қа жуық түрік студенті оқиды. Сондай-ақ жақында Шымкент қаласындағы педагогикалық университет базасында Түркияның Гази университетінің филиалы өз жұмысын бастады.

Мемлекет басшысы туризм саласында да түрік компанияларының белсенділігін атап өтіп, бұл бағытта әлі де зор мүмкіндіктер бар екенін айтты. Ол түрік инвесторларын Қазақстанмен тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Денсаулық сақтау саласындағы әріптестік те қарқынды дамып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның ірі фармацевтика компаниялары – Abdi İbrahim және Nobel Қазақстанда өндіріс желілерін іске қосқанын атап өтті.

Алдағы уақытта Orzax Group Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыт құрылысын бастамақ. Сондай-ақ YDA Group Түркістан мен Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салып жатыр.