Ресейден құжатсыз әкелінген 252 мың тауық жұмыртқасы кері қайтарылды

Ресейден құжатсыз әкелінген 252 мың тауық жұмыртқасы кері қайтарылды
Фото: ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті

Ресей Федерациясынан Қазақстанға ветеринариялық құжаттарсыз 252 мың дана тауық жұмыртқасын кіргізуге жол берілмеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға «Жайсан» ветеринариялық бақылау бекетінде анықталды. ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының қызметкерлері Ресейден Байқоңыр қаласына бағыт алған көлікті тексеру барысында жүкке қажетті ветеринариялық құжаттардың жоқ екенін анықтаған.

Осыған байланысты құқық бұзушылық бойынша тиісті акт және әкімшілік хаттама толтырылды. Тауық жұмыртқалары Ресейге кері қайтарылды.

Тасымалдаушыға ветеринариялық заңнама талаптары және бақылаудағы өнімдерді мемлекеттік шекара арқылы өткізу қағидалары түсіндірілді.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті бақылаудағы өнімдердің мемлекеттік шекара арқылы өткізілуін бақылауды жалғастырып, тиісті ветеринариялық құжаттарсыз өнімдердің ел аумағына әкелінуіне жол бермеу шараларын күшейтетінін мәлімдеді.

Бұған дейін Иран мен Ресейден келген 113 тоннадан астам залалданған өнім кері қайтарылғанын жазғанбыз