Қорғаныс министрі Астанадағы Арнайы операциялар күштерінің әскери бөлімдерін тексерді

16 наурыз, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Қорғаныс министрі Астанадағы Арнайы операциялар күштерінің әскери бөлімдерін тексерді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Арнайы операциялар күштері әскери нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуден өткізу бойынша жол картасының іске асырылуын тексерді, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанадағы әскери бөлімде Қорғаныс министрі Әскери инфрақұрылым бас басқармасы өкілінің әкімшілік аймақтың құрылысы туралы баяндамасын тыңдады. Мұнда жауынгерлік бөлімшелерді, штаб пен медициналық пунктті орналастыру жоспарланған. Жұмыстың сапасын тексерген министр нысандарды пайдалануға берудің мерзімдерін қатаң сақтау қажеттігін атап көрсетті.

Казармалық ғимаратта авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов кіреберістің жабдықталуын, тәуліктік кезекшілік өткізу орнының дайындығын, сондай-ақ қаруды сақтау және тазалау бөлмелерін тексерді.

Бөлім қолбасшылығы министрге қолда бар қару-жарақ, құрал-жабдықтар, байланыс құралдары, РХБҚ, инженерлік және медициналық заттардың жай-күйі туралы мәлімет берді. Сонымен қатар Арнайы операциялар күштерінің жауынгерлік дайындық деңгейін қамтамасыз ету үшін алдағы сатып алу жоспарлары да таныстырылды.

Тексеру қорытындысын жасаған Қорғаныс министрі жол картасын іске асыру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, бөлімшелердің жауынгерлік дайындық деңгейін арттыру және жеке құрамның жабдықталу жүйесін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Бұған дейін танк экипаждары жауынгерлік жағдайда нысаналарды жоюды пысықтағанын жаздық.