Қазақстанның Еңбек Ерлері елордалық студенттермен кездесті
Елордадағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде студенттер мен профессорлық оқытушылық құрамы Қазақстанның Еңбек Ерлері Тұрсынбек Мақышевпен және Мұрат Қайыргелдинмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚАТЗУ-дың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор Қанат Тіреуов меймандарды еңбекқорлықтың, жауапкершіліктің және елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі екенін атап өтті.
«Адал азамат және еңбекқорлық – біздің басты құндылықтарымыз. Бүгінгі құрметті қонақтарымыз сияқты тұлғалар өз өмір жолы арқылы жас ұрпаққа нағыз жетістікке адал еңбек, табандылық және өз ісіне берілгендік арқылы қол жеткізуге болатынын көрсетіп келеді», – деді ректор.

Кездесу барысында Тұрсынбек Мақышев пен Мұрат Қайыргелдин студенттермен өмірлік және кәсіби тәжірибелерін бөлісіп, жауапкершілік, тәртіп, еңбекке құрмет және Отанға деген сүйіспеншіліктің маңызы туралы әңгімеледі.

Сондай-ақ жастардың ел дамуына қосар үлесі мен белсенді азаматтық ұстаным қалыптастырудың мәніне ерекше тоқталды.

Кездесу жылы әрі мазмұнды атмосферада өтіп, жастар үшін ұрпақтар сабақтастығының, қайсар мінездің және еңбек адамына деген құрметтің маңызды үлгісіне айналды.

Бұған дейін «Заң мен тәртіп» аясында елордалық студенттерге арналған «Құқық қаласы» квесті өткенін жазған едік.