Қазақстандықтардың 79,3 пайызы елдегі ахуалды тұрақты деп бағалады
Қазақстандықтардың басым бөлігі елдегі жағдайды оң бағалап, өз өміріне қанағаттанатынын және алдағы бір жылда отбасының әл-ауқаты жақсаратынына сенетінін айтқан. Бұл Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген сауалнама нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz институттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚҚДИ-ның 2026 жылғы зерттеуіне сәйкес, респонденттердің 79,3%-ы Қазақстандағы ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп бағалаған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,7 пайыздық тармаққа жоғары.
Экономикалық жағдайға қатысты да оң көзқарас басым. Сауалнамаға қатысқандардың 72,9%-ы елдің экономикалық ахуалына жақсы баға берген.
Сонымен қатар қазақстандықтардың 83,6%-ы өз өміріне риза екенін білдірген. Респонденттердің 88,1%-ы соңғы күндердегі көңіл-күйін тамаша немесе орнықты деп сипаттаған. Оның ішінде 27,6%-ы көңіл-күйін тамаша, 60,5%-ы қалыпты деп бағалаған.
Отбасылық табысқа қатысты сауалнамаға қатысқандардың 69,1%-ы кірістерінің сақталғанын немесе өскенін айтқан.
Ал респонденттердің 49,5%-ы соңғы бір жылда өз өмірі мен отбасының әл-ауқаты жақсарғанын мәлімдеген.
Бұл көрсеткіш жастар арасында жоғары. 18-28 жастағы азаматтардың 57,7%-ы, ал 29-45 жастағы респонденттердің 50,6%-ы өмірінің жақсарғанын айтқан.
Алдағы бір жылға қатысты қазақстандықтардың 56,6%-ы өздері мен отбасыларының жағдайы қазіргіге қарағанда жақсаратынына сенеді.
Бұл ретте ауыл тұрғындарының болашаққа деген сенімі қала халқына қарағанда жоғары. Ауылдық жерлердегі респонденттердің 61,9%-ы алдағы бір жылда өмірі жақсаратынына сенсе, қалалықтардың арасында бұл көрсеткіш 53,4%-ды құраған.
Зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың елдегі ахуалды оң бағалап қана қоймай, жеке өмірі мен отбасының болашағына да сеніммен қарайтынын көрсетеді.
Сауалнама 31 шілде мен 16 тамыз аралығында жүргізілді. Оған еліміздің 18 жастан асқан 2 400 тұрғыны қатысты. Іріктеу жынысы, жасы, елді мекен түрі мен өңірлік құрылымы бойынша ұлттық деңгейде қалыптастырылған. Зерттеудің шекті қателігі 95% сенімділік ықтималдығында ±2%-дан аспайды.
Бұдан бұрынғы зерттеу нәтижесінде қазақстандықтардың 86,7%-ы Президентке сенім білдірген еді.