Қазақстан құқық қорғау саласында Грекиямен жаңа келісімдер жасады

14 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Қазақстан құқық қорғау саласында Грекиямен жаңа келісімдер жасады
Фото: Бас прокуратура

ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы Грекияда Еуропалық жария құқық ұйымы және Еуропалық құқық және басқару университетімен ынтымақтастық туралы екі келісімге қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Академия ректоры Нұрғалам Әбдіров Грекияға жұмыс сапары барысында Еуропалық жария құқық ұйымы (EPLO) Директорлар кеңесінің отырысына қатысып, ұйым басшылығымен және Еуропалық құқық және басқару университетінің (ELGU) өкілдерімен келіссөздер жүргізді.

Кездесулер қорытындысы бойынша Академия EPLO-мен Өзара түсіністік туралы меморандумға, ал ELGU-мен Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжаттар бірлескен білім беру, ғылыми-зерттеу және сараптамалық жобаларды іске асыруға бағытталған.

Тараптар Академия базасында EPLO өңірлік орталығын құру туралы да уағдаласты. Орталық бірлескен зерттеулер жүргізуге, халықаралық және гранттық жобаларға қатысуға, сондай-ақ құқық қорғау және мемлекеттік органдар қызметкерлерін даярлау мен қайта даярлауға бағытталмақ.

Келіссөздер барысында киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні қолдану және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.

ELGU-мен ынтымақтастық аясында қос дипломды білім беру бағдарламаларын, академиялық ұтқырлықты және тағылымдамаларды қамтитын жобалар келісілді. Сонымен қатар Академияның 20 магистранты мен докторантын тағылымдамадан өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Тараптар бірлескен зерттеу топтарын құру және Академия базасында ELGU филиалын ашу мүмкіндігін де қарастырды.

Қол қойылған келісімдер құқықтық білім беру мен ғылыми зерттеулерді дамытуға, тәжірибе алмасуға, тағылымдамалар ұйымдастыруға және халықаралық сараптаманы тартуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Қазақстан ЭЫҰ елдеріне интернет-алаяқтықпен күрестің жаңа тетігін ұсынғанын жазғанбыз.