Қазақстан мен Оңтүстік Корея компаниясы фармацевтика саласында меморандумға қол қойды

14 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Қазақстан мен Оңтүстік Корея компаниясы фармацевтика саласында меморандумға қол қойды
Фото: ДСМ

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі мен Оңтүстік Кореяның Kyungdong Pharmaceutical компаниясы фармацевтика саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжат Мемлекет басшысының Корея Республикасына сапары аясында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Kyungdong Pharmaceutical компаниясының бас директоры Ким Кён Хунның кездесуі қорытындысы бойынша жасалды.

Келіссөздер барысында Қазақстанда дәрілік заттар өндірісін оқшаулау, технологиялар трансфері, келісімшарттық өндіріс және бірлескен кәсіпорындар құру мәселелері талқыланды.

Министр Қазақстанның фармацевтика өнеркәсібін дамытуға, инвестиция тартуға, отандық өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық беріп отырғанын атап өтті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның фармацевтикалық нарығы шамамен 2,5 млрд АҚШ долларын құрады. Дәрі-дәрмек өндірісіне салынған инвестиция көлемі 142,8 млн доллар, ал экспорт 84 млн доллар болды.

Шетелдік инвесторларға отандық өндіріс өнімдеріне ұзақ мерзімді кепілдендірілген сұранысты қамтамасыз ету, ірі жобаларды мемлекеттік қолдау және өндірілген өнімді ЕАЭО мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің нарықтарына шығару тетіктері ұсынылады.

Кездесуде реттеуші ортаны жетілдіру мәселесі де қозғалды. 2026 жылғы ақпанда Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұлттық реттеу жүйесінің кемелдену деңгейінің 3-деңгейіне қол жеткізді. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші, ал ДДҰ-ның Еуропалық өңірі елдері арасында төртінші мемлекет атанды.

Алдағы ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары ретінде келісімшарттық өндіріс, өндірісті кезең-кезеңімен оқшаулау және бірлескен өндірістік кәсіпорын құру қарастырылып отыр.

Меморандум тараптардың нақты инвестициялық және өндірістік жобаларды іске асыруға ниетін бекітеді.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі елдегі 84 босандыру ұйымының 82-сінде тексеру жүргізгенін жаздық.