Президент Бельгиялықтар Королі және Патшайымымен бірге Ұлттық музейге барды

13 қазан, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Президент Бельгиялықтар Королі және Патшайымымен бірге Ұлттық музейге барды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Король Филипп және Патшайым Матильдамен бірге Ұлттық музейді аралады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мәртебелі меймандар музей кешенінің сәулеттік ерекшеліктерін және Ұлы даланың мәдени-тарихи мұрасын паш ететін экспозициялар кеңістігін тамашалады.

Әсіресе, бірегей археологиялық қазбалар, ежелгі зергерлік өнер үлгілері, соның ішінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» мен Берел, Талды-2, Тақсай, Шілікті обаларынан шыққан алтын бұйымдар қойылған Алтын залына ерекше назар аударылды.

Этнография залында қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен, тұрмысымен, материалдық және рухани мәдениетімен танысты.

Сондай-ақ бельгиялық суретші Джеймс Энсор шығармаларының көрмесі ұсынылды.

Бельгиялықтар Королі мен Патшайымы Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

Еске салсақ, Мемлекет басшысының жарлықтарымен Қазақстанның Аустрия мен Пәкістандағы жаңа елшілері тағайындалды.