Премьер-министр су үнемдейтін технологияны белсенді енгізуді тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында оңтүстік өңірлерді вегетациялық кезеңде егінге қажетті сумен тұрақты қамтамасыз ету қажеттігін атап өтіп, ауыл шаруашылығында су үнемдейтін технологияны белсенді енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Вегетациялық кезеңнің басталуын ескере отырып, Су ресурстары және ирригация министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге оңтүстік өңірлерді егінге қажетті сумен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.
Ауыл шаруашылығында су үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу қажет.
Су тапшылығының қаупі жоғары өңірлерді басым тәртіппен қаржыландыруды қарастырып, диқандарды тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесіне көшуге ынталандыратын кешенді шараларды жүзеге асыру керек.
Бірқатар оңтүстік ауданда фермерлер тарапынан су тапшылығына қатысты шағымдар тіркелуде. Мұндай мәселелерді шешу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуі тиіс», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Су ресурстары және ирригация министрлігінің рұқсатынсыз бір тамшы да су берілмеуі тиіс екені айтылды.
«Жалпы су тапшылығы болады, оны қазірдің өзінде көріп отырмыз. Әр облыс үшін лимит бекітілген, оны қатаң бақылау керек. Министрліктің рұқсатынсыз бір тамшы су берілмеуі тиіс. Сонымен қатар Шардара су құбыры қашан дайын болады? Вегетациялық кезеңде өте маңызды», - деді Премьер-министр.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жоспарға сәйкес нысан 1 шілдеге дейін қаржыландыру 100% қамтамасыз етіліп, толығымен аяқталуы тиіс екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар Премьер-министр егіс науқанын уақтылы аяқтап, жазғы аграрлық маусымды сапалы өткізу қажеттігін баса айтты.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірге егіс жұмыстарының уақтылы аяқталуын және жазғы егіс науқанының сапалы өтуін бақылауды қамтамасыз етуі қажет», - деп атап өтті Премьер-министр.
Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.
Еске сала кетсек, Су ресурстары және ирригация министрлігі елімізде су үнемдеуге арналған ТОП-3 технологияны жариялады.