Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай-газ саласында жасанды интеллектіні қолдану мәселесін талқылау барысында цифрлық шешімдерді енгізуден түсетін нақты экономикалық нәтиже мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің айтуынша, «Шығыс Молдабек» кен орнында цифрлық телнұсқалар мен жасанды интеллектіні қолдану қосымша 161 мың тонна мұнай өндіруге мүмкіндік береді. Жалпы, 12 кен орны бойынша 2030 жылға қарай қосымша мұнай өндіру көлемі 2,9 млн тоннаға жетуі мүмкін.
Бұрғылау жұмыстарын оңтайландыру аясында жасанды интеллект бірнеше сағат ішінде түрлі сценарилерді есептеп, алты тік ұңғыманың орнына екі көлденең ұңғыма бұрғылауды ұсынды. Күтілетін экономикалық әсер 640 млн теңгені құрайды.
«Бізге дәл осындай жұмыс қажет. Презентация үшін емес, әрбір шешім мен әр қадам нақты экономикалық нәтиже беруі тиіс», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Еске сала кетейік, жасанды интеллект құрылыс жобаларын мемлекеттік сараптамадан өткізуді жеделдетеді.