Наурыздың шығу тегі көшпелі өркениеттің өмір салтымен тікелей байланысты

Наурыздың шығу тегі көшпелі өркениеттің өмір салтымен тікелей байланысты
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Қазақ халқының рухани әлемінде айрықша орны бар Наурыз мейрамы – тұтас бір өркениеттің тынысын танытатын ерекше құбылыс. Бұл мерекені тек көктемнің келуімен немесе жаңа жылдың басталуымен шектеу оның терең мазмұнын толық ашпайды. Наурыз – табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті, тіршіліктің үздіксіз жаңғыруын, өткен мен бүгіннің сабақтастығын білдіретін рухани-мәдени мейрам. Оның тамыры тым тереңде, адамзаттың табиғатпен етене өмір сүрген кезеңдеріне барып тіреледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Ұлан Үмітқалиұлы Наурыздың шығу тегін көшпелі өркениеттің өмір салтымен тікелей байланыстырады. Ғалымның пайымынша, бұл мерекенің мәнін түсіну үшін ең алдымен дала халқының тіршілік болмысын зерделеу қажет.

«Наурыз мерекесінің түпкі тарихы өте тереңде жатыр. Бұл мейрам түркі халықтарына ортақ, әсіресе далада өмір сүрген, мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі жұртқа тән. Қазақ халқы сонау қола дәуірінен бастап мал шаруашылығымен айналысты. Негізгі түлік түрлері – жылқы мен қой, ал сиыр ішінара ғана болды. Малдың соңында көшіп-қонып жүрген халық таулы жоталардың бөктерлеріндегі қоныстарды мекендеді. Қыста қыстауда тұрақтап, жазда жайлауға көшіп отырды. Осындай өмір салты табиғатпен етене байланыста қалыптасып, жыл мезгілдерінің ауысуы халықтың дүниетанымына тікелей әсер етті», - деді Ұлан Үмітқалиұлы.

Ғалымның сөзінше көшпелі қоғам үшін қыс үлкен сынақ кезеңі болған. Қарлы боран, ұзаққа созылған суық пен жұт қаупі тұтас қауымның тағдырын шешкен. Осыған байланысты көктемнің келуі ерекше үміт пен қуаныш сыйлаған.

«Әрбір сай-салада қоныстанған қауым үшін қыс мезгілі ауыр кезең саналды. Қарлы боран мен жабық жолдар тіршілікті қиындатып, қыстан аман шығу қайта өмірге келгенмен бірдей деп қабылданды. Сондықтан көктемнің келуі, күннің жылынуы жаңа өмірдің басталуы ретінде қабылданды. Бұл кезеңде адамдардың көңіл-күйі де өзгеріп, болашаққа деген сенім арта түсті. Қыстан аман шыққан жұрт үшін бұл күн үлкен мереке саналып, ерекше атап өтілді», - деді Ұлан Үмітқалиұлы.

Ежелгі дүниетанымда табиғаттың әрбір құбылысы қасиетті ұғыммен сабақтастырылды. Әсіресе күн мен оттың орны ерекше болды.

Ғалымның айтуынша: «Сол кезеңдерде күнге және отқа табыну кең таралды. Өйткені күн де, от та жылылықтың көзі ретінде бағаланды. Оттың қасиеті ерекше деп танылды. Ол бір күйден екінші күйге айналдырады, қараңғыны жарық қылады, қаттыны жұмсартып, шикіні пісіреді. Осындай қасиетіне байланысты от тек тұрмыстық қажеттілік емес, киелі күш ретінде қабылданды. Ал күн – бүкіл тіршіліктің бастауы, өмірдің қайнар көзі ретінде ерекше құрметтелді».

Археологиялық зерттеулер де Наурыздың көне тамырын айқын көрсетеді. Ұлан Үмітқалиұлы ерте темір дәуіріне жататын «мұртты обаларға» ерекше тоқталады.

«Археологтардың пайымдауынша, ерте темір дәуірінде, яғни б.з.д. VIII ғасырға жататын, шамамен 28 ғасыр бұрынғы «мұртты обалар» деп аталатын ескерткіштер кең таралған. Бұл нысандар қазақ жерінде ғана емес, жалпы Еуразия даласында жиі кездеседі. Олардың басты ерекшелігі – құрылымының күншығысқа, яғни атып келе жатқан таңға бағытталуы. Екі тас тізбегі дәл күннің шығу бағытын көрсетіп тұрады. Мұндай орындарда тек адам ғана емес, жылқы да бірге жерленген. Осы ерекшеліктеріне байланысты оларды шартты түрде «күн храмы» деп қарастыруға болады», - деді ол.

(Сурет Ұлан Үмітқалиұлының жеке мұрағатынан)

Ғалымның айтуынша, бұл ескерткіштер Наурыз дәстүрімен тікелей сабақтас. Ескерткіштер арқылы қазақ халқының Наурыз мерекесіне қатысты көне түсініктерімен сабақтастықты байқауға болады.

«Атап айтқанда, Ұлыстың ұлы күні – 22 наурызда атқан таңды қарсы алу дәстүрі сол заманнан бастау алады деген пікірлер бар. Зерттеу нәтижелері мұртты обалардың тура ортасынан дәл осы күні күннің шығатынын көрсетеді. Бұл бірнеше археологиялық тәжірибелер арқылы дәлелденген. Сонымен қатар, обалардан табылған қыш ыдыстар мен сүт тағамдарының қалдықтары да бұл дәстүрдің сол кезеңмен байланысты екенін аңғартады», - деді ол.

Наурыздың ауқымы кең. Ол қазақ халқынан басқа далалдықтарға да ғана тән.

Ұлан Үмітқалиұлы бұл туралы былай дейді:

«Наурыз мерекесі тек қазақ халқына ғана емес, жалпы барлық түркі халықтарына ортақ мейрам деуге болады. Уақыт өте келе түрлі халықтардың танымы мен дүние түсінігінің өзгеруіне байланысты мерекенің мазмұны да белгілі бір дәрежеде өзгеріске ұшыраған. Алайда оның негізгі өзегі сақталып қалды. Бұл – қыстан аман шығу, табиғатпен бірге жаңару, жаңа кезеңге аяқ басу. Түркі халықтарының басым бөлігі ислам дінін қабылдағанына қарамастан, Наурызды тойлау дәстүрі жойылған жоқ».

Қазақ қоғамындағы Наурыз дәстүрлері де терең мағынаға ие. Соның бірі – наурыз көже.

«Наурыз мерекесін тойлағанда наурыз көже дайындау маңызды дәстүр болған. Оның құрамына міндетті түрде жылқының басын салып қайнатқан. Сонымен бірге, көжеге жеті түрлі дәм қосылған. Қыстан қалған ет, дәнді дақылдар, құрт сияқты тағамдар пайдаланылған. Бұл – өткен жылдың несібесін жаңа жылмен байланыстырудың белгісі. Құрттың қосылуы оның күш беретін, тез сіңетін қасиетімен түсіндіріледі. Тұз да табиғи түрде қосылып отырған», - деді ғалым.

Көрісу дәстүрі де Наурыздың ажырамас бөлігі. Бұл туралы Жүсіпбек Аймауытов өз еңбектерінде атап өткен. Ұлан Үмітқалиұлының айтуынша, көрісу дәстүрі ежелден қалыптасқан.

«Адамдар бір-бірімен амандасып, өкпе-ренішін ұмытып, жаңа кезеңді таза көңілмен бастауға ұмтылған. Сонымен қатар, бұл күні театрландырылған көріністер қойылып, жақсылық пен жамандықтың символдық күресі бейнеленген. Мұндай рәсімдер арқылы адамдар табиғат күштеріне ықпал етуді, жылылықты тездетуді көздеген. Нәтижесінде жақсылық жеңіп, жамандық кейін шегінді деп есептелген», - деді ол.

Кеңестік кезеңде бұл мерекеге тыйым салынғанымен, ол халық жадынан өшкен жоқ. Ұлан Үмітқалиұлы тарихи сабақтастықты былай түсіндіреді:

«1926 жылдан бастап Кеңес үкіметі Наурыз мерекесін тойлауға тыйым салды. Алайда бұл дәстүр халық жадында сақталып қалды. Кейін белгілі қоғам қайраткерлері – Өзбекәлі Жәнібеков пен Мұхтар Шаханов 1989 жылы Наурызды қайта жандандыруға атсалысты. Олар мерекенің діни емес, халықтық мәдени дәстүр екенін дәлелдеп, оның қайта оралуына жол ашты. Осылайша Наурыз бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді», - деді ғалым.

Бүгінде Наурыз жаңаша сипат алғанымен, оның тарихи негізі өзгерген жоқ. Бұл мереке – ұлттың жадында сақталған, уақытпен бірге жаңарып отырған ұлттық мәдени кодымыз. Ұлан Үмітқалиұлының ғылыми тұжырымдары Наурыздың мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Ұлыстың ұлы күні – өткен мен бүгінді жалғайтын, адам мен табиғатты табыстыратын, өмірдің мәңгілік жаңаруын дәріптейтін ұлы мейрам.