Аида Балаева қазақстандықтарды Аналар күнімен құттықтады
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Аналар күніне орай қазақстандықтарды мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
«Құрметті достар
Бүгін, мамыр айының екінші жексенбісінде, елімізде Аналар күні атап өтіледі.
Жүрекке жылу ұялататын, мейірім мен махаббатқа, алғыс пен құрметке толы бұл мереке бізге өмір сыйлаған, ақ сүтімен әлдилеп, аялы алақанымен мәпелеген, шексіз сүйіспеншілігі мен қамқорлығын арнаған асыл жандарға арналған.
Ана – әр адам үшін ең қымбат ұғым. Мейірімнің бастауы, ізгіліктің шуағы, отбасының берекесі мен ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі.
Қазақ дүниетанымында ана бейнесі қашанда айрықша қастерленген. Ананың ақылы мен өнегесі, сабыры мен мейірімі арқылы ұрпақтан ұрпаққа құрмет, ізет, жанашырлық, жауапкершілік сияқты асыл құндылықтар жалғасып келеді. Бұл құндылықтар – халқымыздың рухани тұтастығы мен елдігіміздің берік негізі.
Бүгінде Қазақстанда ана мен баланы, отбасы институтын қолдауға бағытталған мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Әлеуметтік қолдау шаралары жетілдіріліп, мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігі артып, ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесі нығайтылуда. Әйелдердің еңбек етуіне, кәсіби дамуына және отбасылық міндеттерімен үйлесімді өмір сүруіне жағдай жасалып келеді.
Жауапты ата-ана мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамалар қолға алынып, Отбасын қолдау орталықтарының желісі кеңеюде. Сонымен қатар он жылдан астам уақыт бойы консультативтік-кеңесші орган ретінде Аналар кеңесі де маңызды жұмыс атқаруда.
Осы айтулы күні барша аналарға даналығы, төзімі, мейірімі мен ақ ниеті үшін шын жүректен алғыс айтамын.
Аналарымыз аман, шаңырақтарымыз шаттыққа толы болсын!
Анамызбен бірге өткізген әрбір сәттің қадірін терең сезіндіретін мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын
Отбасыларыңызға жылулық, махаббат, береке-бірлік пен амандық тілеймін», деп құттықтады Аида Балаева.