Header Banner

2027 жылға арналған бюджет шығыстары қайта қаралды - Құрылтай

2027 жылға арналған бюджет шығыстары қайта қаралды - Құрылтай
Фото: Оңалхан Өнерхан

Құрылтай «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды екінші оқылымда мақұлдап, үшінші оқылымда қабылдады. Құжаттың бірінші оқылымы 2026 жылдың 14 қазанында өткен болатын, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заңда шығындардың әлеуметтік бағыттылығын сақтауға ерекше назар аударылады: барлық бюджет қаражатының үштен бірінен астамын адами капиталды дамытуға және азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бағыттау жоспарланған. Сондай-ақ, аймақтық инфрақұрылымды жаңғыртуға және экономиканың нақты секторын қолдауға айтарлықтай ресурс бөлінеді.

Осылайша, қабылданған заң тұрақты экономикалық өсу, халықтың әл-ауқатын орта мерзімді перспективада жақсарту және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін қаржылық негіз қалыптастырады. Сондай-ақ, ол бюджет тапшылығын одан әрі азайту және Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын нығайту үшін жағдайлар жасайды.

Құжатпен жұмыс істеу барысында депутаттар 2027 жылы Президенттің тапсырмаларын орындауға бағытталған түзетулерді қолдады, соның ішінде:

– 114,1 млрд теңге – Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында жарияланған бастамаларын іске асыруға, соның ішінде ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеруге, алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) қызметкерлерінің жалақысын арттыруға және орта білім беру саласына жасанды интеллектті енгізуге;
– 101,5 млрд теңге – Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларын орындауға, соның ішінде Сәтбаев атындағы каналдан Астана қаласына дейін су құбырын жүргізуге және «Балқаш» АЭС жобасы бойынша геологиялық-барлау жұмысын жүргізуге.

Сонымен қатар, 135,5 млрд теңге қаражат республикалық бюджеттің тиімділігі мен сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар арасында өзара қайта бөлінді.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында учаскелік медицина қызметі мамандарының жалақысын 40 пайызға дейін арттыруды және келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастауды тапсырды.