Астанадағы экокөрме: Қанат Әбдін қалдықтардан жаңа бейнелер жасады

Астанадағы экокөрме: Қанат Әбдін қалдықтардан жаңа бейнелер жасады
Фото: Дильназ Байбакирова

Астана қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен елордадағы ÓzgeEpic креативті хабы алаңында суретші-мүсінші Қанат Әбдіннің «Жаңа бейне» атты жеке көрмесі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Көрме экологиялық жауапкершілік пен қалдықты қайта тұтыну мәдениетін насихаттауға бағытталды. Көрмеде автор папье-маше техникасын қолдана отырып, тұрмыстық қалдықтардан - пластик, картон, ескі киімдер және басқа да материалдардан жасалған мүсіндік жұмыстарын ұсынды. Шығармалар материалдың трансформациясын, сондай-ақ табиғи мен жасандының өзара байланысын зерттеуге негізделді.

«Жаңа бейне» жобасы қалдық ретінде қабылданатын материалдардың жаңа мәнге ие болуын көрсететін көркем тәжірибе ретінде ұсынылды. Көрме арқылы заттардың өзгерісі мен олардың жаңа құрылымның бір бөлігіне айналу процесі көрініс тапты.

ÓzgeEpic креативті хабы директоры Тоғжан Құрманжанқызы көрменің маңыздылығына тоқталды.

«Бейнелеу өнерінде органикалық материалдармен мүсін жасау, тұрмыстық қалдықтарды көркем туындыға айналдыру – сирек кездесетін құбылыс. ÓzgeEpic үшін экологиялық тақырып әрдайым маңызды, бұл бағыт бізді ешқашан бейжай қалдырған емес», - деді ол.

Суретші Қанат Әбдіннің айтуынша, тұрмыстық қалдықтардан мүсін жасау идеясы шығармашылық ізденіс барысында қалыптасқан. Бұған дейін ол классикалық бағытта жұмыс істеп келгенімен, уақыт өте өнердің тек эстетикалық емес, қоғамдық мәні болуы тиіс деген көзқарасқа келген.

«Тұрмыстық қалдықтардан мүсін жасау идеясы шығармашылық дағдарыс кезеңінде пайда болды. Бұған дейін мен классикалық бағытта кенеп пен бояумен жұмыс істедім. Бірақ уақыт өте өзімді бір орында тұрғандай сезіндім. Өнер тек әдемілік емес, қоғамға және табиғатқа пайда әкелуі керек деген ойға келдім. Ұйқысыз бір түнде осы ізденіс нақты идеяға айналып, келесі күні алғашқы эскиздер пайда болды. Бір аптадан кейін алғашқы «Изабель» мүсінін жасадым. Қарапайым тұрмыстық қалдықтар пластик, картон және түрлі материалдар шығармашылық құралға айналды. Кейін бұл жұмыс экофестивальде бірінші орын алды. Сол сәт менің өз бағытымды тапқанымды көрсетті. Қазір бұл бағыт тек өнер емес, экологиялық ойды жеткізудің және қоғаммен байланыс орнатудың маңызды құралына айналды», – деді Қанат Әбдін.

Көрменің «Таза Қазақстан» акциясымен үндесіп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, қалдықтарды қайта тұтыну және оларды жаңа мәдени құндылыққа айналдыру мәселелерін көтерді.

Айта кету керек, ÓzgeEpic креативті хабы 8 жылдан бері Астана, Алматы, Орал және Түркістан қалаларында жұмыс істеп келеді. Хаб мүсіншілерді, суретшілерді және қолөнершілерді қолдауға бағытталған жобаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді.