«Мұндай көп сыйлық алмаппын»: Джеки Чан қазақстандықтардан алған сыйлықтарына арнайы бөлме жасамақ

«Мұндай көп сыйлық алмаппын»: Джеки Чан қазақстандықтардан алған сыйлықтарына арнайы бөлме жасамақ
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Әлемге әйгілі киноактер Джеки Чан Қазақстаннан алған сыйлықтарының көптігіне таңғалғанын айтып, оларды сақтау үшін үйінен арнайы шағын бөлме жасайтынын жеткізді. Бұл туралы актер Қазақстанда түсірілген «Құдайдың сауыты. Ультиматум» фильміне арналған баспасөз брифингінде айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Журналист Назым Кенжебай Instagram парақшасында актермен өткен баспасөз брифингінен бейнежазба жариялады. Ол Джеки Чаннан кино саласындағы көпжылдық тәжірибесі мен қазақстандық әріптестерімен жұмыс істеу әсері туралы сұрады.

Актер өзінің 62 жылдан бері кино саласында еңбек етіп келе жатқанын айтып, түсірілім алаңында түрлі ұлт өкілдерімен тіл табысудың еш қиындығы жоқ екенін атап өтті.

«Менің кино саласында жүргеніме 62 жыл болды. Бүкіл ғұмырым дерлік кино түсірумен өтіп келеді. Бір қызығы, қай тілде сөйлейтінің маңызды емес. Біз, кино адамдары әрқашан бір тілде сөйлейміз. «Камера! Мотор!» Жарық, камераны жақындату, алыстату – осының бәрін түгелі түсінеді», – деді Джеки Чан.

Оның айтуынша, халықаралық түсірілім алаңдарында сан түрлі тілде сөйлейтін адамдар жұмыс істегенімен, кино өнері олардың бәрін біріктіреді.

«Қазақстандағы түсірілімде қазақ тілі, орыс тілі, мандарин, кантон, неміс, корей тілі... Расында, рациядан сан түрлі тілді естіп жаттым. Бірақ соған қарамастан, бәрі бір-бірін түсінді. Менің кино түсіруді жақсы көретінім де сондықтан. Үнемі әртүрлі елге барып, түрлі адаммен танысамын, олардың мәдениетін көремін», – деді актер.

Джеки Чан Қазақстанға сапары кезінде өзіне көрсетілген ерекше ықылас туралы да айтты. Әсіресе, қазақстандықтардан алған сыйлықтары актердің есінде қалған.

«Бір айта кететінім, ешбір елден дәл мұндай көп сыйлық алып көрмеппін. Қазақстанда маған өте көп сыйлық берді: түрлі киімдер, бас киімдер, ұлттық және басқа да дүниелер. Сондықтан қатты қуандым. Үйге қайтқан соң Қазақстаннан алған сыйлықтарыма арнап, арнайы шағын бөлме жасаймын. Қазақстан халқына көп рақмет!» – деді Джеки Чан.

Осылайша, әлемнің көптеген елінде кино түсірген актер Қазақстаннан алған әсерімен бөлісіп, қазақстандықтардың қонақжайлығы мен сый-құрметіне алғыс білдірді.

Айта кетейік, «Құдайдың сауыты. Ультиматум» фильміне арналған баспасөз брифингі Астанада өтті. Джеки Чан қазақстандық журналистердің сұрақтарына жауап беріп, елімізден алған әсерімен бөлісті.

 

Фильмнің Қазақстандағы түсірілім жұмыстары Алматы және Маңғыстау облыстарында жүргізілді. Өзге ақпарат көздерінің мәліметінше, түсірілім алдағы уақытта Қытайдың Шанхай қаласында жалғасады.