«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына өтінім қабылдау басталды
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына өтінім қабылдау басталды. Ұлттық әдеби сыйлық отандық қаламгерлерді қолдау және қазақ әдебиетінің дамуына ықпал ету мақсатында өткізіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап..
Биыл бесінші рет ұйымдастырылатын ұлттық сыйлыққа «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік әдеби аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік әдеби сын» және «Үздік комикс» номинациялары бойынша бұрын жарияланбаған туындылар қабылданады.
Байқауға отандық жазушылар қатыса алады және үміткерлердің жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Әдеби сыйлықтың жалпы жүлде қоры – 35 млн теңге. Әр номинацияға 5 млн теңгеден беріледі.
Өтінім 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін www.aiboz.kz сайты арқылы қабылданады. Ұлттық әдеби сыйлық жыл соңында табысталады. Толық ақпаратты сайттан немесе +7 707 333 5610 нөмірі бойынша білуге болады.
Бұған дейін Астана күніне орай БАҚ өкілдері арасында байқау жарияланғанын жазған едік.