Қазақстан Дохада ауылдарды интернетпен қамту тәжірибесін таныстырды

Қазақстан Дохада ауылдарды интернетпен қамту тәжірибесін таныстырды
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін ауылдық елдімекендердің 90%-дан астамын жоғары жылдамдықты сымды интернетпен қамту көзделіп отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев Дохада өткен MWC26 Doha цифрлық көшбасшылық форумында мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, Қазақстан байланыс инфрақұрылымын дамытуда талшықты-оптикалық, мобильді және спутниктік технологияларды қатар қолдануға басымдық беріп отыр.

«Біздің міндетіміз – адамдарды тұратын, жұмыс істейтін және жүріп-тұратын жерлерінде сенімді байланыспен қамтамасыз ету. Сондықтан біз аумақтың ерекшеліктері мен халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, талшықты-оптикалық желілерді, мобильді желілерді және спутниктік шешімдерді өзара толықтыратын технологиялар ретінде дамытып келеміз», – деді Жаслан Мадиев.

Қазір Қазақстанда 6 мыңнан астам ауылдық елдімекен бар. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 3 мыңнан астам ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар Дүниежүзілік банктің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан «Соңғы миля» жобасы аясында жергілікті операторларға 1 123 ауылда интернет желісін салу үшін гранттар беру көзделген. Нәтижесінде 445 мыңнан астам үй шаруашылығын, яғни шамамен 2,3 млн адамды интернетке қосу жоспарланып отыр. Интернет жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с болуы тиіс.

Шалғай аудандарда спутниктік байланыс мүмкіндіктері де кеңейтілуде. Атап айтқанда, қыркүйекте Beeline Kazakhstan мен Starlink Mobile Direct to Cell сервисін іске қосты. Бұл технология жерүсті байланысы жоқ аумақтарда үйлесімді смартфондар арқылы хабарлама алмасуға және жекелеген онлайн сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, мобильді байланыс шектеулі бағыттарда жолаушыларды интернетпен қамтамасыз ету үшін пойыздар мен ұшақтарға спутниктік Wi-Fi орнатылып жатыр.

Халықаралық электр байланысы одағының 2025 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстанда тіркелген кең жолақты интернеттің базалық тарифтік себетінің құны жан басына шаққандағы айлық жалпы ұлттық табыстың 0,79%-ын құрайды. Ал әлемдік медианалық көрсеткіш – 2,5%.

Қазақстан халықаралық байланыс инфрақұрылымын да дамытып келеді. Биыл қазанда Қазақстан мен Әзербайжан ұзындығы 380 шақырым болатын Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты. Оның жобалық өткізу қабілеті 400 Тбит/с-тан асады.

Жаслан Мадиевтің мәліметінше, соңғы үш жылда еліміздің телекоммуникация секторына 2,2 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салынған.

Дохадағы форум қорытындысында қатысушылар цифрлық инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллектіні жауапты пайдалану, киберқауіпсіздікті нығайту және цифрлық дағдыларды жетілдіру мәселелерін қамтитын министрлік декларациясын қабылдады.

Сондай-ақ Қазақстан 2027-2030 жылдарға арналған Халықаралық электр байланысы одағының Кеңесіне өз кандидатурасын ұсынды.

Бұған дейін Қазақстан мен ХЭО цифрлық кадрлар даярлау бойынша бірқатар келісімге қол қойғаны хабарланған еді.