Фитнес мамандары бірыңғай кәсіби стандартпен жұмыс істейді
Туризм және спорт министрлігі фитнес индустриясы мамандарына қойылатын бірыңғай біліктілік талаптарын белгілейтін «Фитнес-клубтардың қызметі» кәсіби стандартының жобасын әзірледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа стандарттың негізгі міндетінің бірі – фитнес-клуб келушілеріне көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру. Дене белсенділігін арттырып, денсаулығын нығайту мақсатында спортпен айналысатын азаматтар тиісті біліктілігі бар мамандардан кәсіби қолдау алуы қажет.
Құжат фитнес индустриясының қазіргі қажеттілігі мен сала өкілдерінің практикалық тәжірибесі ескеріле отырып әзірленді. Оны әзірлеуге Қазақ ұлттық спорт университетінің, Invictus Academy және Champion Fitness School өкілдері қатысты.
«Туризм және спорт министрлігі үшін фитнес индустриясын дамыту – ең алдымен, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Адам фитнес-клубқа келген кезде кәсіби қолдау алып, денсаулығын нығайтуға ықпал ететін қауіпсіз ортада жаттығуы керек. Мамандардың біліктілігіне қойылатын бірыңғай талаптар осындай кәсіби ортаны жүйелі түрде қалыптастырады», – деп атап өтті ведомство.
Кәсіби стандартты әзірлеу – Қазақстанда мамандарға қойылатын талаптары айқын, қызмет сапасы мен қауіпсіздігіне басымдық беретін заманауи фитнес индустриясын қалыптастыру бағытындағы маңызды қадамның бірі.
Еске сала кетсек, Үкімет Павлодарда мұз кешенін салуға 19,9 млрд теңге бөлді.