Елорданың «Алматы» ауданында Ұлыстың ұлы күні қалай тойланады
Тұрғындар мен қала қонақтары үшін 21-22 наурыз күндері «Алматы» ауданында мазмұнды әрі алуан түрлі мерекелік бағдарлама әзірленді, деп хабарлайды Elordainfo.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мерекелік іс-шаралар аясында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер өтеді. Соның ішінде арнайы шақырылған өнерпаздың өнер көрсетуі мереке қонақтары үшін ерекше сый болмақ.

Келушілер ақшаңқан киіз үйлер жанында ұлттық салт-дәстүрдің көрсетілімін тамашалай алады. Ал спорт сүйер қауым үшін Қазақ күресі мен қошқар көтеру, қол күрес, арқан тартыс, гір көтеру және асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен өтетін жарыстарда бағын сынап көруіне мүмкіндік бар.

«Сонымен қатар балалар мен барлық отбасы үшін жасанды интеллект қолданыла отырып, интерактивті ойындар дайындалған. Бұл мерекені одан әрі заманауи әрі қызықты ете түседі. Екі күн бойы қонақтар ұлттық мәдениеттің көріністерін, халықтық дәстүрлерді және мерекелік көңіл күйді сезіне алады. Ауданның барлық тұрғындары мен қонақтарын Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамын бірге қарсы алып, мерекелік көңіл күй мен бірлік атмосферасын бірге сезінуге шақырамыз», – деді «Алматы» ауданы әкімдігінен.
Іс-шаралар өтетін орындар: Astana Music Hall автотұрағы, «Жерұйық» саябағы, Маяковский сквері («Теміржолшылар» тұрғын алабы).

Бұған дейін Астанада бір мезетте 15 мыңнан астам бала асық ойнайтынын жаздық.