Астанада су ресурстары туралы деректерді жинауға, талдауға және саладағы ахуалды жедел бағалауға арналған Ситуациялық орталық ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа орталық Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы базасында құрылды. Ол су ресурстарының жай-күйін бақылауға және өзгерістерге уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатына Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов, Швейцарияның Қазақстандағы елшісі Кристина Хонеггер және халықаралық ұйым өкілдері қатысты. Қонақтарға орталықтың техникалық мүмкіндіктері, соның ішінде сегіз экраннан тұратын бейнеқабырға таныстырылды.
Министрліктің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі қазір өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген.

Жүйе 15 модульден тұрады және 12 ведомстволық ақпараттық жүйемен біріктірілген. Оған 23 мыңнан астам су нысаны туралы деректер енгізілген. Сондай-ақ су пайдалануға өтініш беруден бастап тұтынылған су үшін ақы төлеуге дейінгі процестер автоматтандырылған.
«Бүгінде суды ұқыпты пайдалану ғана емес, сонымен қатар оның қолда бар қоры, жай-күйі мен пайдаланылуы туралы нақты ақпаратқа ие болу да маңызды. Германия, Швейцария және GIZ ұйымының қолдауының арқасында Ситуациялық орталықты қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз еттік. Алда оның мүмкіндіктерін дамыту, деректермен толықтыру және жаңа шешімдерді енгізу бағытында ауқымды жұмыс күтіп тұр», – деді Жандос Сәлімов.

Вице-министрдің айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстар су ресурстарын тиімді пайдалануға және оларды болашақ ұрпақ үшін сақтауға бағытталған.

Бұған дейін елімізде су ресурстарын қорғауға волонтерлер де атсалысатынын жаздық.