Елордада халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр
Астанада IX халықаралық «Astana Eurasian Book Fair - 2026» кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Іс-шараға отандық және шетелдік баспалар, жазушылар мен оқырмандар қатысып, рухани байланысты нығайтатын маңызды алаңға айналды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Көрменің ашылуында қала әкімінің орынбасары Есет Байкен сөз сөйлеп, 23 сәуірдің Ұлттық кітап күні болып белгіленуі кітап мәдениетін дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып белгіленді. Руханият әлемі үшін бұл – ерекше мерекеге айналды. 2016 жылы «Фолиант» баспасы осы бастаманы қолға алып, міне бүгін 9-шы мәрте басымызды қосып отырмыз. Кітап көрмесі баспа үйлерінің басшылары, қаламгерлер, оқырмандар бас қосқан керемет алаңға айналып отыр.
Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы әкімдікке барлық кітапхананы модернизациядан өткізу жөнінде тапсырма берген болатын. Соның нәтижесінде, үш жыл бұрын Астана қаласында 18 кітапхана болса, қазір оның саны 25-ке жетті, қосымша 7 кітапхана ашылды. Және 18 кітапхана толық модернизациядан өтіп, заман талабына сәйкес жастар, тұрғындар жиналатын орынға айналды. Бүгінгі көрменің барлық қатысушысына сәттілік тілеймін, оқырмандарыңыз көп болсын», - деді Есет Байкен.


Көрмені ұйымдастырушы, «Фолиант» баспасының бас редакторы Фарида Тобашалова биылғы шараға қатысуға 85 ұйым өтінім бергенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу», – деп айтқан болатын. Осыған орай, міне, бүгін біз көрмені өткізіп отырмыз. Биылғы көрмені Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласы әкімдігі қолдап отыр. Сондай-ақ ертең Ұлттық кітап күні екінші мәрте тойланады. Осыған орай, Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған республикалық ұлттық кітап байқауының қорытындысы жарияланып, салтанатты шара өткізіледі. Жалпы, биылғы көрмеге 85 ұйым қатысуға өтінім берген. Оның ішінде 35-і шетелдік ұйымдар болса, 15 елден өкілдер келген. Сондай-ақ көрме аясында біздің баспаның 18 жаңа кітабының тұсаукесері өтеді. Жалпы, бұл көрмені өткізуге дайындық жыл басынан басталған еді», – деді ол.
24 жылдан астам тарихы бар Arman-PV баспасының бас редакторы Айгүл Бекболатова көрмеге балаларға арналған «Все обо всем» атты кітаптар сериясын ұсынғанын айтты.
«Бұл серия 6 жастан бастап балаларға арналған және осы жастағы балаларды қызықтыратын түрлі сұрақтарға жауап табуға көмектеседі. Сондай-ақ 3 жастан бастап бүлдіршіндерге арналған «Менің алғашқы кітабым» атты сериямыз бар. Бұдан бөлек, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Балалар энциклопедиясы» сериясын ұсынамыз. Бұл серияда ғарыш тақырыбына арналған кітаптар қамтылған. Сонымен қатар балалар энциклопедиясы сериясы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы туралы кітаптармен де толықтырылып келеді. 23 сәуір – Ұлттық кітап күні біз үшін ерекше күн. Себебі, бұл күні оқырмандарымызға барлық өнімдерімізді таныстырып, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға мүмкіндік аламыз», – деді Айгүл Бекболатова.
Шараға тұрақты қатысушылардың бірі — Түркияның «Дамла» баспа үйінің басшысы Мехмет Баһадүр. Ол бұл көрмеге алтыншы жыл қатысып отырғанын айтып, қазақ және түрік баспалары арасындағы ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын жеткізді.
«Бүгін көрмеге 6-шы рет қатысып отырмын. Жалпы, түркі дүниесіне қатысты үш үлкен кітап көрмесі бар. Оның бірі бүгін Астанада өтіп жатыр. Осыған орай біз кітаптарымызды сатумен қатар, қазақстандық баспалармен серіктестік құрайық деп келдік. Бүгінге дейін «Фолиант» баспасымен бірлесіп, 100-ге жуық түрік тілінен қазақ тіліне аударылған кітап жарық көрді», – деді ол.

Көрмеге келген жас оқырман Әлімхан Ұланбек те өз ойымен бөлісті. 3-сынып оқушысы динозаврлар мен батырлар туралы кітаптарды ұнататынын айтты.
«Бүгін көрмеде бұл тақырыпта кітаптар көп екен. Сол үшін бүгінгі көрме маған ұнады. Мен жыл сайын осы кітап көрмесіне келіп тұрамын. Кітап оқыған бала білімді, ақылды болады және тарихты жақсы білетін болады», – деді Әлімхан.
Айта кетейік, көрме аясында Ұлттық кітап күніне орай республикалық кітап байқауының қорытындысы жарияланбақ.


