Елімізде АСБ бар балалардың отбасыларын қолдауға арналған нұсқаулық әзірленіп жатыр

Елімізде АСБ бар балалардың отбасыларын қолдауға арналған нұсқаулық әзірленіп жатыр
Фото: ЖИ

Қазақстанда аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсететін мамандарға арналған практикалық нұсқаулық әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұсқаулықты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ғылыми орталығы әзірлеп жатыр. Құжат әлеуметтік қызметкерлерге АСБ бар баланы тәрбиелеп отырған әр отбасының ерекшелігі мен қажеттілігін ескере отырып, жұмыс істеуге көмектесуге бағытталған.

Ведомство мәліметінше, АСБ әр балада әртүрлі көрінуі мүмкін. Балалардың қарым-қатынас жасау тәсілі, мінез-құлқы, күнделікті қажеттіліктері мен қолдауға деген сұранысы да өзгеше. Сондықтан әлеуметтік жұмыста әр бала мен оның отбасына жеке тәсіл қолдану маңызды.

Әдістемелік нұсқаулықта әлеуметтік қызметкерлерге арналған нақты алгоритмдер мен практикалық ұсынымдар қамтылады. Атап айтқанда, мамандарға:

– отбасымен алғашқы әңгімелесуді ұйымдастыру;

– негізгі қажеттіліктері мен сұраныстарын анықтау;

– отбасының күшті жақтары мен қолда бар ресурстарын бағалау;

– одан арғы қадамдарды отбасы мүшелерімен бірге жоспарлау бойынша құралдар ұсынылады.

Сонымен қатар әлеуметтік қызметкерлердің бейінді мамандармен өзара іс-қимылына және көрсетілген қолдаудың нәтижесін бағалауға ерекше назар аударылады.

Нұсқаулықтың негізгі қағидаларының бірі – отбасы мүшелерімен серіктестік орнату. Себебі баланың ерекшелігін, күнделікті қажеттілігін және қандай қиындықтарға тап болатынын ата-анасы мен жақындары жақсы біледі.

Қазіргі уақытта Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ғылыми орталығы АСБ бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс тәжірибесін зерттеп жатыр. Мамандар қолданыстағы тәсілдерді талдап, ата-аналар мен әлеуметтік қызметкерлердің қажеттіліктерін және күнделікті жұмыста қолдануға болатын практикалық құралдарды анықтауда.

Бұған дейін Астанада JOLTAP арқылы 22 мыңнан астам адам мамандық алғанын жаздық.