Бурабайда орманға рұқсатсыз көлігімен кіргендер жауапкершілікке тартылды
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында өткен демалыс күндері «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің аумағында полиция қызметкерлері мен ұлттық табиғи парк инспекторлары бірлесіп рейд өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шара барысында табиғатты қорғау заңнамасы мен жол қозғалысы ережесінің сақталуы, заңсыз кәсіпкерлік қызметтің жолын кесу мақсат етілді.
Демалыс және мереке күндері ұлттық паркте туристер ағыны артуына байланысты полиция күшейтілген режимде қызмет атқарды. Негізгі назар жол-көлік оқиғасының алдын алуға, тұрақ ережесінің сақталуына және көліктердің орман алқабына заңсыз кіруін болдырмауға бағытталды.
Рейд кезінде 30-ға жуық жүргізуші жол ережесін бұзғаны анықталды. Соның ішінде орманға рұқсатсыз автокөліктің кіруі тіркелді. Мамандардың айтуынша, мұндай әрекет топырақ жамылғысына, өсімдіктерге және жалпы экожүйеге айтарлықтай зиян келтіреді.
Сонымен қатар Абылай хан алаңында заңсыз кәсіпкерлік фактілері анықталып, бір күн ішінде бес азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аумақтың тазалығы да өзекті мәселе болып отыр. Мамандардың мәліметінше, танымал туристік орындардан күн сайын шамамен 50 текше метр қоқыс шығарылады.
Еске сала кетсек, Ақмола облысында гид-экскурсоводтарға арналған екі күндік семинар өтті. Оған Бурабай, Зеренді, Сандықтау, Қорғалжын, Ақкөл аудандарынан және Астана қаласынан 70-тен астам гид қатысты.